​Сөз талғаудың шарттары

Тіл мәселесі ауқымды болса да, соның ішінде назардан тыс қалдыруға болмайтыны өзектісі бар. Ол, әрине, әдеби тілдің нормасы. Бұл орайда «Біз ата-бабамыздан қалған саф алтындай тілімізді қаншалықты ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 мамыр, 2017

Тағы бір сорақысы, жөн сөзді ұғып, ұйып тыңдай білген қазақ тыңдарманы қазір сөз ұғыну, сөзге тоқтау қабілетінен де айрылып бара жатқандай…«Хиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған» шешендер сөзінің көркемдік қуаты қазіргі жастарға соншалықты әсер ете бермейді. «Қайран сөзім, қор болды…» деген данышпан ақынның сөздері қазір аса өзекті болып тұр. Демек, тілдің коммуникативтік функциясы да әлсіреуде…

Бір ескеретін мәселе бар. Тілдің көркемдігі мен байлығы тек сөйлеу кезінде ғана жүзеге асатын тұрақты құбылыс. Қалыптасқан қағида бойынша әдеби тілдің нормалары болуы тиіс. Жоғарыда айтып өткендей, оның тілдік (лексика-грамматикалық), прагматикалық, коммуникативтік, этикалық нормалары бар. Жастардың сөйлеу мәдениетін арттыруда белгілі дәрежеде осы нормаларға сүйенеміз. Тіл білімі бойынша ғылыми еңбектерде көрсетілгендей, сөйлеу мәдениеті мен дағдысы бірізділікке, тілдік бірліктерді белгілі бір тәртіп, заңдылыққа бағындыра жұмсайтын морфологиялық, синтаксистік, лексикалық, орфоэпиялық, орфографиялық, стилистикалық нормаларға негізделеді. Бұл нормалар қайдан туындайды деген сұраққа тілтанушы ғалым Р. Сыздықова өзінің мына бір пікірінде «Норма – негізінен тілдің өзі ұсынған тәртіп, нормалану – сол тәртіптерді тілдің өзінің қалыптастыруы» деп жауап береді. Демек, әр тілдің өзіндік табиғатынан келіп туындайтын табиғи нормалар ғана тіл болмысын сақтап тұрады. Біздің ана тіліміз түркі тілдері жүйесіне енетіндіктен, кейбір ортақ заңдылықтар сақталуы тиіс. Осындай табиғи әрі тарихи нормалардан ажырамасақ, тіл табиғаты да бұзылмайды.

Бұл үшін алысқа бармай-ақ, А. Байтұрсыновтың тіл, әдебиет туралы ғылыми-танымдық зерттеулеріндегі қағидаларды басшылыққа алсақ та жеткілікті. Ғалым айтқан «сөз талғаудың шарттары» қазіргі тіл үшін де норма бола алады. Себебі мұнда қазақ тілінің төл табиғаты ескеріліп, барынша қарапайым әрі дәл талаптар қойылады. Мәселен, ғалымның «Сөз дұрыстығы – әр сөздің, әр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы. Ол үшін сөз мағынасын, тұлғасын өзгертетін жалғау жұрнақтарды дұрыс тұтыну керек; сөйлем ішінде сөздерді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру керек; сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластыру, дұрыс орналастыру керек» деген қарапайым ғана талаптарының өзін күн сайын бұзып жүрміз.

Тілді пайдалану, яғни сөйлеу әр адамның ішкі мәдениетіне байланысты. Сөйлеу мәдениеті, жазу мәдениеті, оқу мәдениеті ұғымдары бір-бірімен тамырлас, келіп, сөйлеу өнерін құрайды. Сөйлеу мәдениеті әрбір мәдениетті, парасатты адам үшін өте маңызды тілдік дағдыға айналуы керек. Тіл мәдениетін бұзатын түрлі кемшіліктерді атап өтуге болады: біріншіден, түрлі паразит сөздер (сөйтіп, жаңағы, құсап, нағып, ал, енді, т.б.), жаргондар, вульгаризмдерді көп қолдану; екіншіден, тілді қасаң етіп, жасанды механизмге айналдыратын түрлі тілдік штамптар, канцеляризмдер, жалған мәнерлілік; үшіншіден, сөздерді қажет жерінде нақты қолданбай, ойды қысқа да нұсқа жеткізбей, жанама сөздерді көп қолданатын көпсөзділік; төртіншіден, сөздерді қате қолдану (синонимдерді дұрыс таңдамау, паронимдерді ауыстыру, орынсыз, плеоназм, артық сөздерді қосу, екіұшты мағына беретін сөздерді, етістіктерді шатастыру, т.б.); бесіншіден, шет тілден енген сөздерді көп қолдану; алтыншыдан, тіл сүреңсіздігі, жадағай сөйлеу, сөз жұтаңдығы; жетіншіден, сөйлемдердің шұбалаңқылығы, ой көмескілігі; сегізіншіден, сөздерді сөйлем ішінде дұрыс орайластырмай, ымыраластырмай, ақсаңдатып қою. Бұл қатарға қазіргі күні дағдыға ене бастаған басқа да бұрыс тілдік қолданыстарды қоса беруге болады. Сондай-ақ тіл тазалығындағы аса маңызды мәселе, айтылымдағы қателіктерді көрсетіп, түзеп отыру, орфоэпиялық нормаларды сақтауды талап ету. Сөзді дұрыс айтпау, екпінді, интонацияны дұрыс қоймау да кемшілік болып табылады, себебі саздылық, интонация сөзге жан беріп, эмоционалдығы, көркемдігі мен түсініктілігі, реңкі мен бояуы артады.

Бұл тұрғыдан да, А. Байтұрсынұлының пікірлері құнды, ғалым тіл әуезділігін екі топқа бөледі: «сөз әуезділігі сөз ішіндегі дыбыстардың құлаққа жағымдылығы, ол дауысты, дауыссыз дыбыстардың оңтайлылығына байланысты; сөйлеу әуезділігі – сөйлемдердің құлаққа жағымдылығы, ол сөйлемдердің тізілуінен көрінеді. Онда буын екпіні мен сөз екпіні ерекше рөл атқарады. Екеуі де дауыс ағымына қарайды». Осы қағидаларды белден басып, сингармонизмді сақтамай сөйлейтін қазіргі жастардың сөйлеу-сөйлесу мәнері құлақты кесетіні өтірік емес.

Әдеби тілдің мәдениетін арттырып, нормаларын анықтап, жетілдіре түсу тіліміздің, жалпы ұлтымыздың болашағы үшін маңызды мәселе екендігі даусыз. Қазір мән бермей жүрген тілді қолданудағы кемшіліктер мен олқылықтар түптің түбінде тіліміздің табиғатының бұзылып, тамырынан ажырап, сапасының төмендеуіне әкеледі. Қазір филология ғылымында лингвистикалық экология мәселесі көтеріліп жүр. Тіл функциясында стилистикалық қатынастардың бұзылуы, сөйлеу этикасының төмендеуі, тілдік жағдаят, тілдік сана, тілдік тұлға мәселелерін сандық және сапалық тұрғыдан зерттеу, мониторинг жасау лингвистикалық экология мәселелеріне жатады.

Жүсіп Баласағұн бабамыз «Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл» деп айтқан екен, демек ақылымызды, білімімізді танытатын бірден-бір дәнекер құрал – сөз. Қазіргі заманның прагматик жастары осы ақиқатты, ақылың мен білімің сауатты сөйлеу мен жазудан басталатынын барынша ұғынып, тіл мен әдебиетті құрметтеуге үйренуі керек. Ана тілдің жүйесі мен жөнін, стильдік ерекшелігі мен эстетикалық сипатын назарда ұстап, тереңдей беру қажет.

Әдеби тілдің мәдениеті мен нормасын қалыптастыру бағытында тілдік, әдеби жаттығулар, ауызша-жазбаша тапсырмалар, көркем мәтін талдау, талқылау сағаттары, т.б. филологиялық бағыттағы кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс. Жастардың мәтін талдау, мәтін құрастыру дағдыларын жетілдіріп, сөйлеудің жүйелілігі, дәлдігі, бейнелілігі, мәнерлілігі талаптарын үнемі шыңдап отыру қажет. Бір-бірінің сөйлеу әрекетін, жазба мәтіндерін сыни тұрғыдан өзара талдау, кемшіліктерін түзеу, бағалау, өңдеу жұмыстары да көп нәтиже береді. Мектепте, ЖОО-да бұл жұмыстарды жүйелі түрде сауатты ұйымдастырып, әдістемелік тұрғыдан жетілдіріліп тұруы керек. Тіпті бұл бағытта арнайы орталықтар құрылып, зерттеу жұмыстары жолға қойылса да артық емес. Оқу бағдарламаларына әдеби тіл мәдениеті мен нормаларына қатысты арнаулы курстар, таңдау пәндері енгізіліп, жас ұстаздарға арналып тіл мәдениеті бойынша оқу-әдістемелік құралдар жариялауды күн тәртібінен түсірмеген абзал.

Оқыту үдерісіне қосымша тіл мәдениетіне байланысты тәрбиелік іс-шараларды да үнемі жүргізген жөн. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде түрлі бағыттағы тілдік клубтар, лингвистикалық болжау орталығы, ғылыми-шығармашылық бағыттағы «Көкжиек» клубы, жас аудармашылардың «Тәржіман» ұйымдары жұмыс істейді. Бұл студенттік ұйымдардың бәрінің де мақсаты – жастарға рухани тәрбие беру, тіл мәдениетін, тұлғалық қабілеттерін шыңдау.

Қазақтың даңқты ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы өзінің туған тілі жөнінде «Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет берер ғажайып кемел тіл» деп ерекше мақтанышпен толғанып, қазақ тілінің коммуникативтік, эстетикалық-этикалық, прагматикалық қызметіне аса жоғары баға берген еді. Бұл бағаның әділдігі, дұрыстығы әлі де даусыз. Туған тіліміздің осындай ғажап әлеуметтік, стилистикалық функцияларын орынды қолданбай, шұбарлап, ажарын кетіріп, қойыртпаққа айналдырып жүрген өзіміздің салақтығымыз бен салғырттығымызды жас ұрпақтың қайталауына жол бермей, әдеби тілдің мәдениетін көтеру жолында үздіксіз жұмыс атқаруымыз қажет. Момышұлының «Тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес» деген афоризмі әр қазақтың есінен шықпайтын қағидасы болып қалуы керек.


Баға беріңіз