Ілеспе аудармадағы ілгерілеу

Tilalem.kz

Tilalem.kz

07 маусым, 2017

Біздің қоғамда астана Алматыдан Ақмолаға көшірілгелі бері орныққан бір дәстүрлі жиын бар, ол – Президенттің Қазақстан халқына жолдауы. Оның ресми жылнамасы 1998 жылғы 16 қыркүйектен басталса да, маған біз көшіп келген күннің ертеңінде, 1997 жылдың 10 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің дөңгелек залында өткен салтанатты жиын осы жолдаулар бастау алған іс-шара ретінде көрінеді.

Бір айырмашылығы орыс тілінде оның «Послание» деп емес «Воззвание» деп аталуында болатын. Көгілдір мұқабалы папкаға салынған мәтінді осы тарихи күннен ескерткіш ретінде қатысушылар сақтап жүрген болар деп ойлаймын.

Содан бері өткен жолдаулардың, Елбасы қатысқан басқа да биік деңгейлі жиындардың ілеспе аудармасын жасай жүріп, ұлттық құндылықтарымыздың, тарихымыз бен тіліміздің, діліміз бен діліміздің тағдырына алаңдаған, бағыт-бағдар берген келелі сөздердің айтылғанына талай рет куә болдым. «Барлық жиындар ілеспе аударма жасала отырып, қазақ тілінде жүргізілуі керек» деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Алтын қыран» марапатын алғанда; «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін!» деді журналистерге сұхбат бере отырып; «Кез келген ұлт-мемлекет – бұл, бірінші кезекте, оның бірегей мемлекеттік тілі»; «Кеңестерде қазақ тілінде сөйлесін, бірақ ілеспе аударма арқы­лы сөйлейтін болсын», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІІ сессиясында.... Айтудан кенде емес.

Бірақ, орындалуына келгенде, менің ойыма халқымыздың «Тыңдаушысы жоқ сөз – жетім» деген дана сөзі оралады. Парламент отырыстарынан басқа жиындар әлі де орысша өткізіледі. Рас, Үкімет отырыстарында қазақ тілі белсендірек пайдаланыла бастады. Министрліктердегі жағдай ала-құла. «Неге?» деген сауал туындайды.

Ілеспе аударма курстарын өткізерде әр мемлекеттік органнан келген маманға «Сіздерде жиын қай тілде өтеді?» деген сұрақ қойылады. Басым көпшілігі «орыс тілінде» деп жауап қайырады. Себебін сұрасақ, көбі «бірінші басшы орыс тілді» деп қипақтайды.

Таң қаларлық жауап. Кезінде марқұм Марат Оспанов Мәжіліс төрағасы болып сайланған кезде қазақшасы әлсіз болғаны сол шақырылым депутаттарының есінде болар. Намысты азамат аз-ақ уақытта ана тілін меңгеріп қана қоймай, саяси-әдеби лексикасымен тыңдаушысын тамсандыратын деңгейге жеткенін де солар айта алады. Мәдениет министрі Ермұхан Ертісбаев та таза сөйлеп кеткенін ел біледі. Сенатор Уәлихан Қайсаровтың ана тілінде сөйлеуді жарты жыл ішінде игеріп, палата отырыстарында емін-еркін сөйлеген сөзіне талай рет ілеспе аударма жасадық. Мұндай мысалдар көп болған соң таңданамыз.

«Ілеспе аудармашылар жоқ» деседі тағы да. Міне, бұл – шешілуге тиіс мәселе. Дегенмен, бұрын шешілместей болған бұл мәселеде де сең қозғалды. Туған тілдің конституциялық мәртебесіне лайық қолданылуы қажеттігін түсінген азаматтардың қолдауы неше жыл бойы орнынан қозғалмаған мәселенің шешімін тапқызды. Реті келгенде, ана тіліміздің өрісін кеңейтетін курстарды өткізуге жанашыр азаматтардың ниеті бұрыннан түзу болғанымен, жолды «тендер» деген кедергі кес-кестей бергенін айту парыз. Тіл мен тендер – бір-біріне қабыспайтын ұғымдар екені – бөлек әңгіме.

Сөз басында тілге тиек болған дәстүрлі жолдау биыл жарияланған кезде мен ілеспе аударма жасай алмадым. Себебі ол кезде мен Ақтөбе қаласында ілеспе аудармашыларды дайындау курсын өткізіп жүрген болатынмын. Екіншіден, мына сәйкестікті қараңыз: жолдау биыл жазбаша жария етілді!

Орайы келгенде айта кетейін, Ақтөбедегі курс – өткен жылы басталған жақсы бастаманың игі жалғасы. Мұндай курстың алғашқы екеуін өткен жазда, Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитеті басшылығының тапсыруымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырып, өткізуге мені шақырды. Нәтижеге бағдарланып жұмыс істейтін әдетіммен, өз әдістемемді қолдана отырып, 2 топқа ілеспе аударма жасау дағдыларын үйреттім.

Бұл – ілеспе аудармашы болуды үйретудің бірінші қадамы ғана. Екінші қадам – курсты аяқтағандардың ішінен іріктелген мамандарды өзім ілеспе аударма жасайтын жиындарға ертіп апарып, аударма жасату. Міне, сол сынақтан өткен бірнеше шәкіртім бүгінде ілеспе аударма саласына келіп, өз бетінше аударма жасай бастады. Мен үшін – зор қуаныш, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту саясаты үшін – үлкен жетістік. Бұған Ш.Шаяхметов атындағы орталықтың курсты әшейін өткізе салу үшін емес, нәтиже үшін ұйымдастыруының нәтижесінде қол жеткізілді.

Ал Ақтөбе облыстық тіл басқармасының басшысы Г.Т.Төлебаева сол курсқа қатысқан болатын. Гүлайым Тельманқызы «үш күндігін» емес, «үш жылдығын» ойлайтын азамат екенін танытты. Экономикасы қарқындап дамып, еліміздің миллион тұрғыны бар қаласы болайын деп тұрған Ақтөбенің болашағын ойлаған тіл жанашыры батыс өңірінде бірінші болып ілеспе аударманы дамытуды қолға алды.

Мені екінші қайтара шақырғанда, алғашқы курстың түлектерінен тіл басқармасына қолғабыс жасайтын топ құрылғанын; олар облыстың біртуар азаматтары туралы «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнап шығарылған эксклюзивті кітапты аударып шыққанын қуана мәлімдеді.

Екінші топтағы курсанттардың ауыздарының салымы молырақ екен: олардың курсы аяқталған соң көп ұзамай Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин бастаған депутаттар Ақтөбеге келіп, курс түлектері терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелері талқыланған іс-шарада ілеспе аударма жасады. Нақты ілеспе аударма жасау атмосферасын сезінген шәкірттердің «Біз бүгін сыннан өттік!» деген сөздері – бұл салада жұмыс істей алатынына сенімдерінің белгісі.

Реті келген кезде айта кетейік, ілеспе аударма курстарының тілге қатысты басқа курстардан айырмашылығы мол. Оны курстан өткен соң білім көкжиектері кеңейіп, біліктіліктері арта түскен, қызметтері өскен шәкірттерімнен байқаймын. Бұрын бейтаныс салаға қызығушылықтары оянып, бұрын елеп-ескермейтін мәселелердің өзектілігін түсіну пайда болады. Себебі, бұл жерде мәселе ілеспе аудармашы ғана емес, ТҰЛҒА қалыптастыруда. Курсқа қатысқан ынталы шәкірттерімді аудармашы шеберлігінің шыңына шығуға болатынына сендіре алуымның нәтижесі дер едім.

Осылайша, Тіл комитетінің мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған бір жобасы сәтті іске асырылуда деуге болады. Бір жыл ішінде Астанада ілеспе аударма саласына микрофоннан үрікпейтін, қандай беделді адам сөз сөйлесе де өзін еркін ұстайтын, психологиялық, физиологиялық бекемдікті бойына сіңірген 4 бірдей маманның, Ақтөбеде де сонша маманның қосылуы – үлкен жетістік. Рас, ақтөбелік шәкірттерді нақты жиналыста өзіммен бірге отырғызып, «ащы терлерін» бір алу керек әлі. Ол – болашақтың үлесінде.

Ілеспе аудармашы – белсенді өмірлік ұстаным иесі. Ол тіл үшін еңбек етуден қашпайтын және еңбегінің пайдасы тиетініне сенетін оптимист болуы керек. «Қате жазу, ақсақ аударма, жаңсақ жарнама тұрған жерден немқұрайлы өтіп кетпеңіздер» - деймін шәкірттеріме. Қашанғыдай өз тәжірибемнен мысал келтіремін. Мысалы, мына қате маңдайша мен хабарландыруды қалай түзеттіргенімді айтып беріп, оларды қазақ тілін мазақ етушілермен күресушілер қатарына тартамын.

Қуанатыным, өз өңірлерінде шәкірттерім тіл тазалығын сақтау ісінің белсенділеріне айналуда. Мысалы, Ақтөбе қаласында ағайынды Жұбановтар атындағы көше тақтайшасында «Ағ.Жұбановтар» деп жазылып тұрғаны дұрыс емес екендігіне, Орал қаласындағы №12 бағдар бойынша жүретін автобустағы аялдама атаулары қате жазылғанына бұрын мән бермегендерін, енді түзеттіру ісіне араласып жүргендерін жазады. Нәтижелерін көрсететін фотолар жіберіп тұрады.

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында Елбасы өткен ХХ ғасырдың халқымыз үшін қасіретке то­лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болғанын айта келіп, солардың бірі ретінде «қазақтың тілі мен мәдениеті құр­дымға кете жаздады» деп атап көрсетті. Тілімізді құрдымнан құтқару үшін ең алдымен тілге деген жанашырлық көзқарас керек. Оны менсінбей, немқұрайлықпен қараудан, мазақ етуден, пайда табу жолына айналдырудан қорғауымыз керек. Және кез келген жиынды ана тілімізсіз өтпейтін жағдай тудырылуы – қазақ атымыз үшін сын болуы керек.

Ілеспе аудармашылық тәжірибемізде қазіргі сенатор С.Еңсегенов Атырау облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген кезде «Жер қойнауының қазба байлықтарын өндіруші салалардың ашық болу бастамасы» халықаралық конференциясын ұйымдастырушыларға «Бізде құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізіледі, жиындар қазақ тілінде өтеді» деп, қазақ тіліне ілеспе аударма жасалуын талап еткені есімізде. Астанада өткен НАТО-ның «Роуз-Ротт» парламенттік ассамблеясының семинарын жүргізген Қ.Сұлтанов та қатысушыларға ілеспе аударма жасалып жатқанын хабарлай отырып, семинарды бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізген болатын.

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің биыл мамыр айында өткізілген кеңесінде Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановқа залдан: «Неге қазақша сөйлемедіңіз?» деген сұрақ қойылды. Сірә, бұл сұрақта Сауытбек ағадай қазақ тілінің сардары орыс тілінде сөйлегеніне өкпе жатқан болуы керек. С.Абдрахманов: «Егер ілеспе аударма ұйымдастырылған болса, сөйлейтін едім» деп өте орынды уәж айтты.

Осындай жайларды саралай келіп, әдетте, жиындарын ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде өткізу сол іс-шараны ұйымдастырушының патриоттық болмысына, олардың жеке басының қазақ тіліне деген көзқарасына тікелей байланысты деген тұжырым жасауға болады.

Елбасымыз мақаласында туған жерге, оның мәдениеті (оның ішіне ана тілі де кіреді) мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екенін атап көрсетті. Өз тарапымыздан біз ілеспе аударманы дамытудың былтыр басталған ілгерілеуін дамыта отырып, ана тіліміздің конституциялық мәртебесіне сәйкес қолданылуына үлес қоссақ – туған ел мен жер алдындағы перзенттік парызымызды өтегеніміз деп ойлаймын.


Баға беріңіз