Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Тілге құрмет – жалпыға ортақ міндет

20.6.2017 1728

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» - деген болатын. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекеміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.

Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше, әр отбасы балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса құба-құп. Шынында қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жайт. Бірақ қазақ тілі - тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл - ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде».

Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық беріледі. Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл - адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениетті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл, оның ішінде қазақ тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру - әрбіріміздің борышымыз.

Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр. Соңғы кезде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның өркен жайып дамуына ықпал ететін басты-басты қадамдар жасалуда. «Тіл туралы» Заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мектептерде қазақ тілін оқытуды дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз.

Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: “Тіл байлығы - елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері” - деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын. Бұрынғы даналардан қалған «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден айрылып қалмайық!

Қазақстанның көпұлтты болуы - ешкімнің қолдан жасаған әрекетінің нәтижесі емес, тарихи даму жолымен қалыптасты. Және бұл біздің еліміздің кемшілігі емес, басқалардан артықшылығы. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі - ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да - тіл. Ол - қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл - ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры - баршамыздың қолымызда. Тілді оқып-үйренуді барынша жоғары деңгейге көтеру қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тіл туралы талап- міндеттерінде «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген. Бұл әр қазақстандықтың қастерлі парызы. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанарлықсыз екенін, жан-тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» Заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық. Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады. Тілді дамыту - елдің мемлекеттік саясатының аса маңызды бағыттарының бірі. Жалпы мемлекеттік тіл саясатын толыққанды жүзеге асыру бұл бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып жатыр деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, жұрттың оған деген сенімін нығайтуға күш салғанымыз дұрыс. Ең бастысы, қазір қазақстандықтар мемлекеттік тілді қолдау және дамытуға ықылас танытып отыр. Бүгінгі күні тілдерді дамыту жан-жақты қарастырылуда. Тіл тағдырына деген жеке адам ретінде жанашырлығымыз бен қамқорлығымыз артуда. Қазіргі таңда көптеген отбасылар балаларын қазақ тілінде оқытатын мектептерге ана тілін жетік меңгеру үшін беріп жатқандары қуантарлық жағдай. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, «Тамшыдан тама-тама дария болар» дегендей, тіліміздің өолданылым аясы кеңейіп, мәртебесі артарына сенімдемін. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

Тегтер: мемлекеттік тіл, қазақ тілі, ана тілі, туған тіл

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

45

ақпарат

Абайды толық таныдық па?

58

ақпарат

Қазақ билігі және қазақ тілі

164

ақпарат

Жаңа әліпби жаңа белеске шығарады