Кәсіби ағылшын тілін үйретудің тиімді тәсілдері

Ағылшын тілі дүниежүзілік әмбебап тіл болып табылады. Ел тарихында болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, білім беру саласындағы жаңа бағыттар ағылшын тілін оқытуды үнемі жетілдіруді, о...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 маусым, 2017

Ағылшын тілі заманымызда өте маңызды рөл алып отыр. Тіпті балабақшалардың өзінде ағылшын тілінде сөйлеуді, оқуды үйретеді. Ғаламтор желілерінде, кішкене балаларға арналан түрлі-түрлі мультихикаялар баршылық. Керек дегенде, ағылшындар да ғаламторға оқыту, үйрету әдістерін енгізіп қойғаны да рас. Дегенмен, аталып отырған тілді кәсіби түрде меңгеру және болашақта мамандықпен байланыстыра отырып жемісін көру біздің қоғамда қиынға соғып отыр деп ойлаймыз. Атап айтар болсақ, ЖОО ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығында білімін жетілдіруші студенттер ғана кәсіби деңгейде меңгеріп, кәсіби мамандандырылған тілде келіссөз жүргізе алады деп болжамдай аламыз. Ал техника, экономика, информатика саласы туралы дәл осылай айту қиындау болады. Сол себепті негізге ала отырып, біз экономика мамандығында оқитын студенттерге кәсіби шет тілін үйретудің тиімді әдістерін зерттеуді жөн көрдік.

Ағылшын тілін жоғары деңгейде білу, осы тілде кәсіби келіссөз жүргізе білу деген сөз емес. Ол арнайы білім мен біліктілікті, жанжақтылықты қажет етеді. Аталып өткен талаптарға сай қазіргі таңда нарыққа құзыретті, аналитикалық тұрғыда ойлай және шешім қабылдай алатын, ақпаратты тез арада қабылдап оны келесі бір аудиторияға жеткізе білетін, ағылшын тілін меңгерген, халықаралық бизнес-форумдарда кәсіби қарым-қатынасқа түсе алатын, тиімді әрі ұтымды шешім қабылдайтын экономист мамандар қажет. Осындай маманды даярлауда ЖОО, нақтылай айтқанда экономика мамандығының бірінші курс студенттерінде кәсіби ағылшын тілінің баспалдағын дұрыс қалау керек. Сол кезде ғана біз жоғары стандартқа сай маман даярлай аламыз.

Қызметтегі кәсіби қарым-қатынас тек коммуникациялық құзыреттіліктердің қалыптасуынан кейін барып іске аса алады. Кәсіби қарым-қатынас белгілі бір жағдаятқа, орынға және кәсіпке негізделеді. Және оны үйрету үшін аталған тақырыптарға байланысты ауызша сөйлеуге деген бейімділігін қалыптастыру керек. [1]

Тілді үйретпейтін оқу орындарында қайта бағдарлау жүргізілсе де және кәсіби ағылшын тілін оқыту туралы нұсқаулық материалдар жазылса да, (Онисинова И.С., 1991; Тыныштықбаева А.Б., 1999; Стамғалиева Н.К., 2000; Г.З., 2000), техникалық немесе экономикалық бағытта білім алатын студенттердің мәтінді естіп түсіну қабілеттеріне байланысты қиындықтар әлі шешімін таппай отыр. Осы орайда Мукушева Г.Р. «Методика обучения студентов экономической специальности пониманию иностранного языка» атты еңбегінде кәсіби ауызша сөйлету үдерісі кәсіби сөйлеу және тыңдауға бағытталған деген. [2]

Экономика мамандығына кәсіби шет тілін үйретуде басты назар грамматикаға аударылады. Себебі, бизнес тілінің өз ерекшеліктерін, нақтылықты және ой жинақылығын көрсету мақсатында. Мысалы: «To train highly qualified managers is extremely important for the development of economy», берілген сөйлемнің мағынасын сақтап отырып аудару үшін біз Infinitive-ті есімізге түсіреміз. «Жоғары білікті менеджерлерді даярлау экономиканы дамыту үшін өте маңызы болып табылады». Сөйлемде инфинитив қолданылу себебі іскерлік стилді жоғалтпай, барынша ойды нақты бұрмалаусыз білдіру. Бизнес тілінде жиі қолданылатын грамматикаларға: Infinitive, The ocjective with the infinitive constuction, The participle, Active and Passsive voice және Present Perfect жатады. [4]

Экономистерді кәсіби ағылшын тіліне үйретуде, кәсіби қарым-қатынаспен қатар мәдениет аралық қарым-қатынасқа да назар аударылуы тиіс. Алға қойылған мақсатқа жетуде төмендегідей әдістерді қолдану тиімді деп есептейміз:

* бизнес корреспонденцияларының үлгілерін зерттеу. Оған тапсырыс беру, баспасөзбен жұмыс, сауалнамалардың түрлері және т.б. кіреді.

* компанияның, брендтің өнімін жарнамалайтын іскерлік ойындарды ұйымдастыру.

* аудио-видео материалдарды қолдана отырып аудиториямен қарым-қатынасқа түсу және де ағылшын тілінде өтетін кездесулерге дайын болу.

* ортада еркін ойын жеткізе білуге (public speaking), экономикадан студенттік конференцияларда, тілді дамыту клубтарында сөйлеуді меңгеру.

Сонымен қатар, міндетті түрде жаңа баспа кітаптарымен, іскерлік шет тілінен, экономикадан дайындалған нұсқаулықтармен жұмыс істеу қажет. Олар Olive Blanchard ‘Macroeconomics’, Burda and Wyploz ‘Macroeconomics: The European Text’, ‘New Insights into Business’ Graham Tullis, Tonya Trappe, ‘Business Objectives’ Vicki Hollett және т.б. [1]

Ағылшын тілін үйренуде аталған әдістерді қолдану, экономистерде келесі құзыреттіліктерді қалыптастыруға мүмкіндік береді:

* студенттерді мамандыққы байланысты ұғымдық-категориялы ақпараттармен қамтамасыз ету;

* студенттерге іскерлік шет тілінде қолданылатын грамматикалық ерекшеліктерді түсіндіру;

* студенттерге аудитория көлемінде ғана емес, жағдаяттармен байланыстыра отырып тілді қолдануға үйрету.

Қазіргі заман талабына сай, заманауи экономика тілін меңгеру үшін ағылшын тілінде экономикалық кітаптарды оқыту студенттерге тілді терең түсінуге көмектеседі. Бірінші курс студенттеріне детектив жанрындағы ‘Liar’s poker’, ‘The big short’, ‘Undercover Economist’, ‘Armchair Economist’ кітаптары ағылшын тілін жетік меңгерумен қатар, өз мамандықтарына байланысты қосымша ақпарат жинақтауға және білімін толықтыруға септігін тигізеді. Ал 'The Economist', 'Bloomberg', 'The Wall-Street Journal', 'Financial Times' журналдарының беттерінде жарық көрген мақалалармен бірінші курста, экономика мамандығында оқитын студенттердің тілді үйренуге деген ынтасын ашып, мотивациясын жоғарлатады.

Жоғары курс студенттерін іскерлік тілге үйрету барысында project work әдісін қолданамыз. Power Point және Prezi қосалқы бағдардамалары арқылы жаһандық экономикалық тақырыпта презентациялар өткізуге үйретеміз. Аталып отырған жұмыстар мен әдістер студенттің бойында өз ісіне деген қызығушылығын арттырып, бойындағы жасырын қабілеттерін ашуға септігін тигізеді. Сонымен қатар жоғарыда аталып өткен студенттерге арналған презентациялар мынадай талаптарға сай келуі тиіс:

* Шағын топтардағы адам саны (3-4)

* Презентацияны қорғау уақыты (5-7 минут)

* Презентацияны арнайы дайындалған копьютерлік аудиторияда өткізілуі

* Power Point бағдарламасын қолдану

* Презентацияның электронды түрінің болуы

* Кәсіби терминмдермен сөйлеу

* Spontaneous Speech-ке дайын болу

Біздің ойымызша студенттердің өздік жұмысын осындай құрылыммен ұйымдастыру болашақ экономика саласындағы мамандардың тілдік барьерді жеңуде және кәсіби қызметте тілді еркін қолдануында ерекше септігін тигізе алады. [3, 14-15б.]

Ағылшын тілі мамандарына интерференция термині жақсы таныс, бұл терминнің астарында ана тілдің үйреніп жатқан тілге тигізетін әсері қарастырылады және ол грамматикаға, фонетикалық құрылымына және лескикалық қолданысына да байланысты бола алады. [3, 4 б.]

Экономика саласында білім алып жатқан студенттерге аталып өткен факт жиі қиындық тудырады. Себебі, ағылшын тілін іскерлік мақсатқа қолдану және тілдік нормаларды сақтау, алғаш тіл үйреніп жатқан студентке оны күнделікті өмірде қолдану қиындық туғызатын болады. Біздің жұмыс барысында біз Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің экономика факультетімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Басты мақсат студенттерді үйреніп жатқан тілде ойланып және оны кәсіби жоғары деңгейде қолдануға бейімдеу, және жақсы нәтиже көрсету үшін қажет әдіс-тәсілдермен таныстыру.

Cambridge, Oxford, Longman, Macmillian сияқты шетел баспаларынан шыққан оқу нұсқаулықтарын және кітаптары жоғары деңгейде білім беруге септігін тигізеді, дегенмен әр топқа жеке бейімдеуді талап етеді. [3, 7 б.]

Біздің пайымдауымызша, оқулық қаншалықты жақсы жазылса да, бір кітаппен оқыту қазіргі білім беру стандартына сай келмейді. Тек қана бір жақты ойламау үшін студент ақпаратты жан-жақтан жинақтауы тиіс. Сол себепті http://elf-english.ru/2010/04/ekonomicheskij-angli... сайтында жарық көрген Елена Амерханованың мақаласына сүйенсек, төмендегі ағылшын тіліндегі мақалалар мен газеттер тізімі тілді жоғары деңгейде, нақтырақ айтсақ кәсіби деңгейге жеткізу үшін таптырмас көмекші бола алады:

* Guardian.co.uk – The Guardian газетінің мақалалар бөлімі

* Economist.com – The Economist журналы

* Ft.com – The Financial Times

* Money.cnn.com – CNN – нен әлемдік экономика жаңалықтары

* Nytimes.com – The New York Times – тан экономика саласына байланысты мақалалар. [5]

Сонымен қатар жүргізіген тәжірибе экономика тілін ағылшын тілінде түсіну үшін видео материалдардың тиімді екенін анықтадық. Мысалға алар болсақ: Yele университетінің Financial Markets with Robert Shiller және Game Theory with Ben Polak атты ағылшын тіліндегі экономикаға байланысты лекциялары және де :

* learnoutloud.com – экономикадан видео подкастар;

* Berkley, California университеттерінің Micro Economic Analysis, Economic Analysis – Macro, Environmental Economics and Policy, American Economic History,Economic Geography of the Industrial World және т.б. дәрістері;

студенттердің өз мамандығына деген қызығушылығын арттырып, шетелдің таңдаулы профессорларының білімін мемлекеттердің арасындағы алшақтыққа қарамастан меңгеруге және болашақта құнды тәжірибе ретінде пайдалануына мүмкіндік береді.

Мақалада аталып өткен әдістер мен тәсілдер болашақта экономика мамандығында бірінші курста оқитын студенттерге, ағылшын тілінің дұрыс негізін қалауға, іскерлік корреспонденциямен жұмыс істеуге, бизнеске байланысты мәтіндерді дұрыс аударуға және ағылшын тілінде өз мамандықтарына байланысты мағыналы әрі бірнеше құзыреттіліктерді қалыптастыратын кітаптар мен мақалаларды оқуда өз септігін тигізеді.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Профессиональное общение как лингводидактическая категория. // Актуальные проблемы системы контроля качества подготовки специалистов в вузе. – Алматы., ҚазМХҚжӘТУ., 13-14 ақпан 1997, 66-68 б. Тыныштыкбаева А.Б.

2. Методика обучения студентов экономической специальности пониманию иностранного языка. – Алматы., ВАК., 2001, 6 б. Мукушева Г.Р.

3. 3 Международная научно-практическая конференция. // Актуальные проблемы лингвистики и лингводидактики иностранного языка делового и профессионального общения. – Москва., 2008, 9 б. Бабырэ Н.М., Бабырэ Е.Д.

4. Английский для экономистов и менеджеров. – Алматы., 2011, издательство Томского политехнического университета, Ульянова О.В., Гричин С.В.

5. http://elf-english.ru/2010/04/ekonomicheskij-angli... - 2010, Экономический английский, Еленеа Амерханова.


Баға беріңіз