"Тіл шебері-2017" республикалық байқауы өтеді

Tilalem.kz

Tilalem.kz

18 қыркүйек, 2017

Астана қаласында 27 қыркүйек күні «Тіл шебері-2017» республикалық байқауы өтеді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» аталмыш байқауды Қазақстан халқы тілдерінің ХІХ республикалық фестивалі аясында ұйымдастыруда.

Дәстүрлі шара жыл сайын жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді, өз саласының кәсіби маманы танылған мемлекеттік қызметші жастарды анықтап, қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып келеді. Білім мен білік бәйгесіне 21-29 жас аралығындағы орталық атқарушы органдарда қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер қатысады.

Байқау шартына сай қатысушылар «Тұсаукесер», «Ұлттаным», «Өнертаным» бөлімдері бойынша бақ сынайды. Олардың үш тілді меңгеру деңгейі мен тілдік норманы сақтауы, орфографиялық және орфоэпиялық сауаттылықтары бағаланады. Жеңімпазды арнайы құрылған қазылар алқасы анықтайды.

Жүлдегерлер «Тіл шебері» дипломымен, алғысхаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.


Баға беріңіз