Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Ұлттық код және жаңа әліпби

31.1.2019 1105

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлтымызды сақ­тау мен өркендету үшін, біздің ойы­мызша, Елбасы екі үлкен дәуір­лік мәселені көтерген десек, бі­рін­шісі – төл дәстүріміздің өмір­­шең тұстарын заманауи сұ­ра­­ны­с­тармен сабақтастыру, екін­шісі – бүкіл адамзат баласына ортақ жаһандану үдерісінің өзі­міз үшін тиімді тұстарын игеру. Әлбетте біз ең алдымен төл дәс­түріміздің өміршең тұстары де­генде, бар дәстүрімізді, жалпы мә­д­ен­иетімізді, тұтас ұлтымызды сақтаушы ана тілімізді айтамыз. Жаңа жаһандану заманында тіліміздің ұлтты сақтайтын қо­ғам­­дық һәм рухани құралы ре­­тін­дегі барлық алғышарттары мен мүмкіндіктері бар. Бірін­ш­і­­­ден, оның сөздік қорынан, бей­­­не­­лі­лігінен, стилистикалық мүм­­­­кін­­­діктерінен құралған үл­кен әлеуеті бар. Екіншіден, қазақ тілі­н­де сөйлеушілердің саны сан миллиондап саналады, айта­лық қазір әлемде 16 мил­лионға жуық қазақ бар десек, соның кем дегенде 11-11,5 миллионы өзі­нің ана тілін біледі. Яғни бұл тілді қа­­жет ететіндердің саны қа­зіргі ға­­лам­­дық өлшеммен ал­ған­да жоға­­ры. Үшіншіден, қазақ тілі – Конс­титуция бойын­ша мем­лекет­тік тіл. Бұларға қосымша қазақ тілі қоғамның барлық сала­сында қолданылады, яғни білім мен ғылым­ның, қоғамдық қа­ты­настың, биз­нес пен биліктің тілі. Осындай мүм­кіндігі зор тіл­ді сол қоғамның барлық сала­сында жетекші тілге айналдыру мәсе­лесі тұр. Бұл реттен келгенде, тілі­­міз өз елінде әлі де осын­дай жетек­ші функцияға ай­нал­ды деп айта алмасақ керек. Ру­хани жаң­ғырудың өзегі – қо­ғам­дық сананы жаңа сапаға көте­ру десек, онда тілдің осындай үлкен мақсатты шешетін әлеуетін назардан тыс қалдыруға болмайды. Тіл – тек қарым-қа­ты­нас құралы болса, онда өрке­ниет­ті әлемде оған онша мән де, мақ­сат та үстемелемес еді. Тіл тек қаты­настық құралдан да жо­ғары құбылыс. Тілді сақтау ұлт­ты сақ­таудың тікелей кепілі еке­­нін Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялы­­лары, кешегі Бауыржан Момышұлы сияқты ұлт тұлғалары сан рет ай­т­­ты, сол үшін күресті де. Ахаң ХХ ғасырдың таңында: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» десе, кеңестік ұлтсыздану тұсында: «Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» деп жазған болатын. Ұлт қайраткерлерінің осы пікірлері әлі күнге дейін өзекті. Себебі тіл қашан да ұлтты сақтаушы һәм танытушы маңызды құрал. Егер тіл осындай орасан қызметке ие болса, онда ол сол ұлттың барша болмысын танытатын да құбылыс. Бұл жөнінде Елбасы: «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» деп жазды.

Жалпы ұлтымыздың барша қасиетін, әлеуетін таныту мен ашуға күш-жігерін арнап келе жатқан Президентіміз жоғарыда аталған дәуірлік еңбегінде ұлттық код мәселесін көтерді. Осы еңбегінде: «Әжептеуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры-тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды бар. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу әрі дәріптеу қажет. Онсыз жаңғыру дегеніміздің құр жаңғырыққа айналуы оп оңай» - деді.

Ұлттық код дегеніміз – ұлттық қасиет, оның мәдениеті, әдебиеті. Ең бастысы, ұлтты ұлт ететін ұлттың жаны, ұлттық коды – тілі. Қазіргі қазақ қоғамында қазақ тіліне бетбұрыс өте жақсы. Ата-аналар өздері қазақша білмесе де, балаларын қазақ тілді мектепке беріп жатыр. Білім беру мекемелерінде Елбасы берген тапсырма бойынша үш тілде сабақ беру жүйесі енгізіліп кетті. Елбасы 2006 жылы қазақстандықтардың үш тіл білуі керектігін айтқан еді. Бірақ қазақ тілі үш тілдің бірі емес, ол негізгісі Һәм маңыздысы, ол – мемлекеттік тіл екені де баса айтылды. Дегенмен бүгінгі таңда отбасында, балабақшада, мектепте сыныптан шыққан соң да балалар бір-бірімен орысша сөйлеседі. Бұл жағдайда Орталық және жергілікті атқарушы билік бірінші қамқоршы болатын тілі, мемлекеттік тіл болуы керек.

Ұлттық кодтың жиналатын, сақталатын, ұрпақтан-ұр­пақ­қа берілетін қоры да, қазы­на­сы да, тасымалдаушысы да – оның осы тілі. Ендеше тіл біздің бары­­мыз. Сондықтан жаһандану тұ­­сын­да ақпаратпен, киномен, тұ­­ты­­натын тауармен, музыкамен, біліммен, қазақ еліне келіп жат­қан барлық құбылыстар мен құ­рал­дардың баршасында тілдік де­рек­тер бар дейтін болсақ, онда олар қазақтың санасына орны­ғып та жатыр. Әлбетте, шетелден кел­ген дүниелер тартымдылығы, қы­зық­тылығы жағынан елімізде өн­ді­рілетін сондай заттардан неме­се басқа да ақпараттық дүние­лер­ден артық болуы да мүм­кін. Бұл, әсіресе, жастарымызды бау­ли­­ды. Ол біздің санамызға, сезі­мі­­міз­ге күн сайын мысқылдап ене­ді. Содан күндердің күнінде өзі­­ні­кі­­нен айнитын, өзгенікін жо­ғары қоя­­тын ұрпақ қалыптасады. Оның бас­тапқы же­містері қазір де көрініп жатыр. Жаңа жаңғыру дәуірі қай халық­тан болса да дамуды һәм сақ­­тана отырып дамуды қажет­сі­не­ді. Бұл сол әр халықтың ке­ле­­ше­­гінің қамы. Ол бүгіннен бас­­та­лады. Қазақтың жері, тілі өзіні­­кі. Тұр­мысымызда, жалпы өмі­­р­і­­мізде өзгелердің жасаған дү­­­н­ие­­сін көбірек қолданатын заманда тұрмыз. Дүние бүтіндей араласты, тұтастай сабақтасып, ол үрдіс осылай қарай жүре де бе­ретіні байқалады. Елбасы мақа­ласы – осындай әлемдегі қазақ­тың, Қазақстанның алдымен өзін сақтау, содан барып өркендеу ба­ры­­сын көрсету ниетінен туған ең­бек. Одан сабақ алу, оның мін­дет­терін жүзеге асыру – бар­ша­мыздың міндетіміз десек, жалпылап кетер едік, дұрысы – ел бас­қарған, әсіресе, жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудің басында тұрған азаматтардың парызы. Осындай елдік борыш – қазақ ата-анасының да ең басты маңызды міндеті.

Тілдің осындай ерекше маңызын ұғынған Елбасы мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді бірінші міндет ретінде қойды. Өйткені бүгінгі күнде нағыз халықаралық таңбалар жүйесіне айналған латын әліпбиі елімізді, халқымызды қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа биіктерге бастайтын қадам болмақ екендігін мына деректерден анық аңғарамыз.

Әлем халықтарының 80 пайызы латын графикасын игеріп, игілігіне пайдаланып, әлемдік ақпараттың 70 пайызын осы таңбамен таратуда. Қазіргі таңда әлем халықтарының ішінде латын әліпбиін пайдаланатын халықтар саны – 1,5-2 миллиардқа жуық. Кириллицаны ұстанып отырғандар – 300 миллионды құрайды. Сондықтан тәуелсіз қазақ елі білімнің, ғылымның, IT технологияның төріне, өркениеттің өріне жетелейтін төте жолға түсуіміз керек. Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланса, қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің 22-сі латын әліпбиін пайдаланады, ең мықты экономикасы бар 10 мемлекеттің – 7-еуі, әлемдегі ең бай 20 мемлекеттің 18-і латын әліпбиін тұтынады. Дүниежүзінде бизнес жүргізуге ең қолайлы 30 мемлекеттің 25-і де – латын әліпбиін қолданушы елдер. Тағы бір дәйек, 2005-2015 жылдары 12,5 миллион мақала шыққан екен, соның 55-75%-ы – латын қарпінде жазылыпты. Ең көп сілтеме жасалатын ғылыми мәтіндердің – 61 пайы­зы латын, 2,7 пайызы – кирилл қарпінде екенін ғалымдар мен сарапшылар алға тартып отырғаны қай-қайсысымызды да ойландырса керек. Сонымен бірге физикадағы бірліктер жүйесі, химиядағы элементтердің периодтық жүйесі, математикадағы, географиядағы, биологиядағы және тағы да басқа ғылымдардағы таңбалар, шартты белгілер осы латын әліпбиінде. Ендеше қазір оқып жүрген оқушылар мен студенттер бұл әліпбиді жақсы біледі. Мектептің өзінде оқушыға латын әліпбиінің таңбалары күнделікті бірнеше пәнде кездеседі. Ересектерге келсек, біз де химияны, физиканы, математиканы оқыдық, яғни бұл әліпби бізге де бейтаныс емес. Оған қоса, латын әліпбиі көшелер мен дүкендердегі жарнамаларда, тауарларда тұр. Қалтамыздағы құжатымыз да, телефонымызға күнделікті дерлік келіп жатқан ауа райы туралы мәліметтер де тағы да тұр. Тұрмысымызда тұтынатын техникалық заттардың барлығы шетелдікі, ендеше оларда да латын жазуы – негізгі жазу. Айналып келгенде, латын таңбалары біздің тұрмыстық және қоғамдық өмірімізге әлдеқашан енген. Сондықтан ол қазаққа жат, тосын жазу емес.

Қазір әлемдегі түркі халықтарының саны 200 млн дейтін болсақ, солардың 55,5 латын әліпбиінде, 25 пайызы араб жазуында, 17 пайызы ғана кирилл таңбасында, қалғандары әртүрлі әліпбилерді қолданады екен. Өз алдына мемлекет болып отырған Әзербайжан, Кипр Түрік, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан сияқты жеті мемлекет болса, соның екеуі ғана, яғни біз бен Қырғызстаннан басқасы латын әліпбиінде. Алтай, Башқұртстан, Қабарда-Балқар, Қарашай-Шеркеш, Татарстан, Тыва, Хақас, Чуваш, Якут сияқты автономияларға кінә қоя алмайсыз, өйткені олар Ресейдің ішінде. Қалған түркі халықтарының автономиялық құрылымдары жоқ, олар әртүрлі мемлекеттердің ішінде жүр. Молдованың құрамындағы Ғағауыз автономиясы латын әліпбиіне көшкен.

Енді жаңа әліпбиді үйренуге келейік. Әлбетте, қоғамдағы мемлекет тарапынан жасалатын реформаның қайсысы болсын көпшілікті ойландырады. Бұл табиғи, қалыпты жағдай. Елбасы бекіткен әліпбиде 32 әріп бар. Солардың жиырмаға жуығы бәрімізге белгілі әріптер. Белгісізі үштен бірі ғана. Ендеше осынша әріпті үйреніп алуға әбден болады ғой. Бұл арада мәселе ниетте және оған үлкен мән берушілікте. Мұндай мән берушілік әр қазақтың елшіл санасымен тікелей байланысты. Себебі жаңа әліпбиге көшу – Қазақстанның болашағымен сабақтас. Егер Елбасы бастамасы болашақпен сабақтас болатын болса, онда біз неге 10-15 әріпті үйренуге уақытымызды бөліп, шын ниеттеніпкелешегіміздің қамынойламасқа?! Барлығы санамызды даярлауда. Бабамыз әл Фарабидің: «Дүниені өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген даналық сөзінің мәнісі де осы емес пе?!

Елбасы латын әліпбиіне өту, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетініне сенім білдіреді. Егер олай болмаса латын әліпбиіне өтудің қажеттілігі туындамаған болар еді. Алдымен әліпби арқылы, оның емле ережелері арқылы кезінде бұрмаланған тіл табиғатына тән қажеттіліктер қалпына келтіріледі. Әліпбимен бірге жазу реформасы жасалады. Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытында «Қазақ жазуын жетілдіру» деп көрсетілген. Мұндай жетілдіру жұмыстары санаға серпіліс береді. Осындай серпіліс қазақтардың ана тіліне деген қажеттілігін арттырады. Жаңа әліпби таңбалардың жай жиынтығы емес, өмірді танудың һәм оны бағалаудың жаңаша қатынасы деп ұғынамын.«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ор­та­ның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты» – деді мемлекет басшысы.­

Латын әліпбиіне көшу – қазақ хал­қының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосады. Оның мысалын әлемдік тәжірибелерден күнделікті жақсы аңғарып жүрміз. Мемлекетіміздің елдігін сипаттайтын, ешкімге еліктемей ұлттық кодымызды одан әрі нық қалыптастыруға да септігін тигізері кәміл.

Оразкүл Асанғазы

Мемлекет және қоғам қайраткері

https://pdf.egemen.kz/pdfs/2019/01/31012019.pdf

Тегтер: Til-Qazyna, Тіл-Қазына, Латын әліпбиі, қазақ тілі
Авторы: Tilalemi.kz

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

22

ақпарат

Алматы қаласында имамдарға арналған семинар өтеді

36

ақпарат

Түркістанның ең ұлық ақыны – Абай

26

ақпарат

Ұлттық терминқорды толықтыратын тұңғыш платформа