Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Ә-нің емлесіндегі кемшіліктер туралы қос ұсыныс

2.7.2019 378

Ә-нің емлесіндегі кемшіліктер. Ә дыбысының айтылу, жазылуы емлеміздегі шешімін таппаған мәселелердің бірі. Өйткені бұл дыбыс бірінші буыннан басқа буында келген сөздерде буын үндестігі бұзылып жазылып жүр. Соған орай ә-нің жазылуындағы кемшіліктерге тоқтала отырып, оларды түзеуге қатысты ұсыныстарымызды баяндайық.

Бірінші кемшілік: кейбір сөздегі ә дыбысының орнына а әрпінің жазылуы. Мысалы, Жәмилә деп айтылатын сөз Жәмила деп жазылады. Мұнда өз таңбасы бар дыбысты басқа әріппен беру үйренушінің түсінуіне қиындық туғызады және ә-нің орнына а-ны айтып, үндестік заңын бұзуға душар етеді.

Екінші кемшілік: ә-нің орнына қай уақытта а жазылатыны жөнінде нақты ереже берілмеген. Мысалы, орфографиялық сөздік бойынша күмән, кінә, әләуләй, бісміллә, ләззәт, рәсуә, Күләндә, мүбәрәк деп айтылатын сөздердің алғашқы төртеуі айтылуынша жазылып, келесі төртеуінің соңғы буынындағы ә дыбысы а-мен алмастырылады. Нақты ереженің болмауы сөздің қате жазылуына соқтырады.

Үшінші кемшілік: соңғы буынында ә-сі бар сөзге қосымшаның ашық дауыстылысының бәрінің жуан түрде жалғануы. Мысалы, бұл ереже бойынша «күнә» сөзіне қосымшалар «күнәдан», «күнәсінан» деп жалғанып, сөздегі буын үндестігі бұзылады.

Бірінші ұсыныс. Айтылған кемшіліктерден құтылудың жолдары ретінде біздің бірінші ұсынысымыз – түбір сөздегі ә дыбысын, нешінші буында естілсе де, ә әрпімен таңбалау. Мысалы, бұл бойынша рәсуа, Күләнда, мүбәрак, пірәдар деп жазылып жүрген сөздер өздерінің айтылуынша рәсуә, Күләндә, мүбәрәк, пірәдәр деп жазылады. Бұлайша жазу жоғарыда көрсетілген кемшіліктердің алғашқы екеуінен құтқарады.

Соңғы буынында ә-сі бар сөзге қосымша жалғау неге қиын? «Күнә» сөзіне шығыс септігінің жалғауын «күнәден» деп жіңішке жалғау құлаққа ерсі естілетіні рас. Алайда қазіргі ереже бойынша «күнәдан» деп жуан жалғау қолдану да келісті болып тұрған жоқ. Сонда «күнә» сөзіне шығыс септігінің жуан жалғауының да, жіңішке жалғауының да үйлеспейтіні несі? Біздіңше, мұның себебі бір буынды емес сөздің соңғы буынында келген ә дыбысы жіңішке де, жуан да емес, әсіреңкі дауысты. Яғни, «күнә» сөзінің соңғы буыны – әсіреңкі буын. Сөздің айтылуы оңайлап, естілуінің әуезділігі артуы үшін оған қосымшаны буын үндестігіне сай жалғайтын едік. Олай болса, әсіреңкі буынға жуан, жіңішке қосымшалар емес, әсіреңкі қосымша (ә дауыстысы бар қосымша) жалғануы керек. Яғни «күнә» сөзіне шығыс септігінің жалғауы «күнәден» де, «күнәдан» да емес, «күнәдән» деп жалғануы керек. Бірақ бүгінгі емлемізде әсіреңкі қосымшалар жалғанбайды. Біздің ойымызша соңғы буынында ә-сі бар сөзге қосымша жалғауды қиындатып отырған осы жайт.

Екінші ұсыныс. Олай болса, мұндай қиыншылықтан құтылудың жолы – әсіреңкі қосымшаларды пайдалану. Бұған байланысты тілімізде мұндай қосымшалар жоқ қой деушілер болуы мүмкін. Иә, қазақтың байырғы сөздері жуан не жіңішке буынмен аяқталғандықтан бұрынғы қосымшаларымыз да жуан не жіңішке болған. Алайда кірме сөздердің қолданымымызға енуіне байланысты тілімізде әсіреңкі буынмен аяқталатын сөздер пайда болды ғой. Олай болса, оған сәйкес әсіреңкі қосымша қолдануымыз да заңды. Осы орайда әсіреңкі буынға жалғанған і-сі бар қосымша к-мен аяқталмаса (мысалы, куәсі), ол да әсіреңкі қосымша болады деп ойлаймыз.

Әсіреңкі буынмен аяқталатын сөзге қосымша жалғау ережесі.

Әр түрлі мысалдарды қарастыра отырып, біз әсіреңкі буынмен аяқталатын сөзге қосымша жалғау ережесін төмендегіше тұжырымдадық. Мұндағы тоң дыбыстар дегеніміз қ, ғ, к, г дыбыстары.

Әсіреңкі буынмен аяқталатын сөзге (мысалы, куә, кітәп, күмән) тоң дыбыстан (к, г, қ, ғ) басталмайтын қосымшаның әсіреңкі түрі жалғанады (мысалы, куәләр, куәләрдән, кітәбің, кітәбіңә, кінәліләрді).

Әсіреңкі буынмен аяқталатын сөзге тоң дыбыстан (к, г, қ, ғ) басталатын қосымшаның жуан түрі жалғанады (мысалы, куәға, куәдәғы, күмәндәнғыш, кінәләған).

Әрине, біз ұсынып отырған ереже бойынша да соңғы буынында ә дыбысы бар сөзге жуан қосымша жалғанатын жағдайлар бар. Дегенмен бұл ережені қолдансақ, қазіргі уақытта үндестік заңына қайшы жазылып жүрген сөздердің басым бөлігін заңға сай жаза аламыз. Бұл ереже бір қарағанда күрделі, еске ұстауға қиын сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ол бойынша тоң дыбыстан басталатын қосымшадан басқа қосымшалар айтуымызша жалғанатындықтан оны қолдану ешқандай қиындық келтірмейді.

Сондай-ақ, әсіреңкі дыбыс ұғымын енгізу ә-ге қатысты тілдік құбылыстарды түсіндіруге де мүмкіндік береді. Мысалы, «күнә» сөзіне барыс септігі жалғауының күнәға деп жуан жалғанатын себебі қ, ғ, к, г дыбыстары жуан не жіңішке болатындықтан бұлардан кейін әсіреңкі дауысты келе алмайды. Сонымен біз бірінші буыннан басқа буындағы ә-ні жуан да, жіңішке де емес, әсіреңкі дауысты деп тануды және жуан, жіңішке қосымшалармен қатар әсіреңкі қосымшаларды да қолдануды ұсынамыз.

Тегтер: ә, әріп, емле, ереже
Авторы: Ванов Қуантқан Ырзаұлы, Ақтау қаласы, Abai.kz

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

199

ақпарат

Тұңғыш рет тіл форумы өтеді

67

ақпарат

«Іс жүргізу және аударма» атты облыстық семинар өтті

153

ақпарат

Атауларды таңбалауға арналған онлайн семинар өтті