Қазقاز        
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Абай талқысы немесе ақынның шын туған күні қашан?

13.8.2019 405

Алдағы жылы ұлы Абайдың 175 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтеді. Осы мерейлі датаға байланысты Мемлекет басшысының арнайы Жарлығы жарияланып, атқарылуы тиіс жұмыстар басталып кетті. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы да халықаралық деңгейде кең көлемде тойланып, қыруар шаруа тындырылғаны белгілі. Алайда мерейтой қарсаңында түйткілдер де жоқ емес. Мәселен, Абайдың туған күніне байланысты ғалымдар арасында да әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Сондықтан алдағы жылға дейін ортақ ұйғарымға келіп, бір күнге тоқтаған дұрыс болмақ.

Бүгінде Абаймен иықтас һәм қабі­леттес әлем ақындарының өмірдерегі бүге-шігесіне дейін зерттеліп, хаттал­ғаны былай тұрсын, қай өлеңі қашан, қандай оқиғада жазылғаны анықталып, көз алдымызда тұр. Оқимын десеңіз, мар­хабат. Өкпені толтырып тұрғаны, хакім­­нің туған күні жайындағы көк­парға түскен таластар Абайдың 174 жыл­дығында да толастар емес. О бас­тан көз үйренген дата болған соң ба, әй­теу 10 тамыздан 23-іне жете алмай, алты қарағайдың арасында адасып әлі жүр­­міз. Басы ашық мәселені тезірек бір ізге түсіру мақсатында 8 тамыз күні «Руха­ният алаңы» пікірталас клубы Достық үйінде «Абай­тану мәселесі: туған күні жөніндегі де­рек­тер» тақырыбында дөң­гелек үстел ұйымдастырды.

Алқалы жиынға қатысқан зиялы қа­уым өкілдері екі датаға бөлек-бөлек тоқ­талып, екіұшты пікірді нақтылады. Дерек пен дәйекке сүйенген сөз алушылар тереңнен қозғап, түрлі уәж айтып, тоқтамға келген датаның мемлекеттік тұр­ғыда ескерілуін талап етті.

Сұлтан ОРАЗАЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері:

– Ұлы Абайдың туған күні дегенде ең алдымен хакімнің көзін көрген, оның қасында талай жыл жүрген Әрхам Кәкітайұлының естелігіне жүгінеміз. Сонда ол ойшылдың дүниеге келген күні ретінде 10 тамызды көрсетеді. Бұл датаның жанына «ескіше» деген сөзді де қосып жібереді. Осы бір ғана сөзге бола жұрт шатаса бастайды. Қазақ Кеңес энциклопедиясында, одан соң Қазақстан энциклопедиясында да Абайдың туған күні ескіше – 29 шілде, жаңаша – 10 тамыз делінген. Мұны өте дұрыс дерек деп есептеймін.

Екіншіден, Жидебайдағы Оспанның төрт құлақты зиратын Абай өз қолымен салдырған. Бұл зират өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін болды. Соның басына жүрек секілді малтатас қойылған. Онда Оспанның туған күні мен қайтыс болған күнін пышақтың ұшымен Абай өзі қашап жазған. Осыдан-ақ оның мұндай мәселеге қатты мән бергені байқалады. Бұл малтатас қазір Абай музейінде тұрған болуы керек. Оспан шыжыған шілде айында өмірден өткен. Сол себептен Абай оның сүйегін Ақшоқыға жеткізе алмай, Жидебайға жерлеген. Кейіннен інісінің қасына өзі дамыл тапқан.

Мұхтар Әуезов 1940 жылы Ал­ма­тыда Абайға құлпытас жасатты. Мұны Абайдың 100 жылдығынан біраз жыл өткеннен кейін әкеліп, басына қой­дырған. Құлпытасқа «Абай 10 тамыз күні дүниеге келді» деп жаздыр­ған. Сондықтан Абайдың туған күнін енді көкпарға айналдырмай, осы да­таға тоқтауымыз керек. Қазірге дейін, 100, 125, 140, 150 жылдықтары 10 тамыз­да тойланды. Оны 23 тамызға жылжыт­қаннан ешқандай пайда таппаймыз.

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, абайтанушы:

– Абайдың туған күні ретінде 10 тамыз деген дата халық санасына сіңіп қалған. Әрхам «ескіше 10 тамыз күні дүниеге келді» дейді. Ал Әрхамның әкесі Кәкітай Абайдың өмірдерегін тұлғаның өзінің тапсырмасымен жазады. Сонда «Абай жылан жылы, мал күзеуге түсетін кезде туған» деген деректі айтқан. Мал күзеуге түсетін кез, бұл – тамыздың соңы. Өзім кезінде мына жайтқа куә болдым: 1992 жылы Абайдың 150 жылдығы әлемдік деңгейде тойлануға бекітілген кезде ЮНЕСКО көлемінде мерейтойды қай күні атап өтеміз деген мәселе туындады. Өйткені бұған дейін ғалымдар Әрхамның дерегіне сүйеніп, хакімнің туған күні 23 тамызда деп айтып, жазып жүрді. Қайым Мұхамедхановтың Абайдың дүниеге келген күні жайлы зерттеу мақалалары бар. Бірақ 10 тамыз бен 23 тамыз таразы басына түскенде, «той кезінде 10 тамызда өтіп еді, бұл да бір тарихи күн» деген тоқтам жасалды. Ал енді Кәкітайдың дерегінен басқа қандай дерек керек? Сондықтан 23 тамызға тоқтауымыз керек деп есептеймін. Осы күнді ресми түрде құжат жүзінде бекітіп алуымыз қажет.

Ербол ТІЛЕШОВ, «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры:

– Әрхамның естелігінен басқа қолымызда дерек жоқ. Әрхамға сенбейтін қандай хақымыз бар?! Ол – жай кездейсоқ адам емес, Кәкітайдың баласы. Ал Кәкітай – Абайдың өмірбаянын жеткізген, шығармасын жинаған адамдардың бірі. Осы істің басында Кәкітай мен Тұрағұл тұр. Энциклопедия деген Құран ба екен? Қазақстан энциклопедиясынан қаптаған қате табуға болады. Бұл энциклопедияны әрі-беріден соң қайта бастырып шығару керек.

Әрхам бертінге дейін өмір сүрген, 1885 жылы туып, 1963 жылы қайтыс болған. «Құнан­бай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонған­нан кейін 1845 жылы, ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толға­тып, бір ұл дүниеге келеді. Атын арабша Ибра­һим деп қояды», деп жазған Әрхам өзінің есте­лі­гінде. Енді осыдан артық қандай дерек керек?! Ескіше деп жазып тұр. Егер «ескіше» деген анықтауыш болмаса, біз бұл мәселені көтермес едік. 1918 жылы 26 қаңтарда Халық комис­сарлары кеңесінің төрағасы В.Лениннің қол қоюымен, әлеммен бірдей болуы үшін жаңа күнтізбе енгізілді. Онда 31 қаңтардан кейін 1 ақпан болмай, 14 ақ­пан болады деп жазылған. Яғни, күнтізбе 13 күн­ге жылжытылды. Мәселен, Мұхтар Әуезов өзі жайлы мәліметінде «мен 15 сентябрь күні тудым» деп жазады. Кейіннен өз қолымен 28 қыркүйекке ауыстырып жібереді. Ол Абайдың туған күнін неге өзгертпеді? Өйткені Абайдың өмірдерегін емес, шығармашылығын зерттеді. Оның көркем бейнесін жасады. Абайтанудың бүкіл жыртығын жамауға Әуезовтің өмірі жетпейтін еді. Ол Әрхамды білді. Абай ұрпақ­тарының Алашордамен байланысы болды. Жазушының өзі бұл партия қатарында болғанын білесіздер. Кейіннен Әлімхан Ермеков екеуі хат жазып, Кеңес өкіметін мойындады. Егер Әрхамның дерегін алса, өз басына қатер төнер еді. Ол да пенде ғой.

Семейде қазір Абайдың туған күнін 23 тамызда атап өтеді. Оразкүл Асанғазы астанаға Тіл­дерді дамыту басқармасының бастығы болып келгенде біз де бас қалада 23 тамызда атап өте­тін болдық. Төкен Ибрагимов тірі кезінде осы ша­раға қатысатын. Осы кісі Абайдың туған күні 23 тамызда екенін дәлелдеген. Сондықтан осы да­таны алуымыз керек. Абайдың 175 жыл­ды­ғы бізге Абайды тануға үлкен серпін бере­ді деп ой­лай­мын. Сондықтан той тойлауды ға­на емес, Абайды тануды Абай арқылы қолға ала­йық.

Омар ЖӘЛЕЛ, абайтанушы:

– Біз Абылай ханның туған күнін біл­мей­міз, өйткені заман басқа болды. Ал Абай өмір сүрген уақыт ғылымның заманы. Сон­ды­қтан бұлтартпайтын дәлел қылып Әрхам ес­телігін алға тартып, 23 тамызды бекіту керек. Қазір нақтылап алмасақ, бұл бізді ең басты мәселелерден алыстатады. Бүгінде абай­танудың жағдайы неге мүшкіл? Біріншіден, Абай күнтізбелік тұлғаға айналды. Мерейтой қарсаңында ғана еске аламыз, қалған уақытта керегі жоқ. Ал халықтың ақынмен бетпе-бет келуіне әлі біраз уақыт бар деп ойлаймын. Екіншіден, біз Абайды науқандық тұлға қылдық. Мысалы, Ресей Пушкинді идео­логия­лық тұлғаға айналдырып, оның қаді­рін кетірді. Біз қазір Абайға надандық көз­қараспен келіп отырмыз. Абайды әлемдік тұлғаға айналдыру біздің мақсатымыз емес. Біздікі – Абайды тану. Бұл өзіміз үшін, әрі-беріден соң қазақтың тағдыры үшін керек. Қазір қазақтың тағдыры неге қыл үстінде тұр? Неге ана тіліміздің мәртебесін сақтай алмай отырмыз? Себебі Абаймен әлі кездескен жоқпыз. Оны хакім ретінде танымай отырмыз. Біз ақынның хакімдігін танытатын бірде-бір дүниесін ашқан жоқпыз. Абайды ғылыми зерттеу жылын жариялайтын уақыт болған жоқ па?..

P.S.: «Руханият» мекемесі осы тамыз айында Абай фестивалін өткізбекші. Бұдан бөлек ғылыми экспедиция, ақын өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби шаралар ұйымдастыру жоспарларында бар екен. Ақын мерейтойы қарсаңында өткізген аталған дөңгелек үстел абайтануға қозғау салып жатса, қанеки. 23 тамыз – хакім Абайдың туған күні болып ресми түрде бекітіліп, оқулықтарға енгізілсе, құба-құп.

Тегтер: Абай, Абай Құнанбаев, Абай 175 жыл, Егемен Қазақстан
Авторы: Маржан Әбіш

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

6

ақпарат

​Мемлекеттік тілді меңгертудің үздік тәжірибелері талқыланады

35

ақпарат

​БАНК саласы терминдері талқыланды

58

ақпарат

Республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті