Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Абай мерейтойы қалай аталып өтеді?

21.1.2020 685
Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын жалпыхалықтық деңгейде ұйым­дастыру және мазмұндық деңгейде атап өту бо­йынша әзірлік жұмыстары жан-жақты пысықталуда.

Орталық коммуникациялар қыз­ме­тінің ақпараттық алаңында Абай Құнан­байұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар туралы баспасөз конферен­циясында мерейтой қарсаңындағы бағдарламалар реті хабарланды. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасы бойынша, былтыр 30 қазан күні Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия­ның хаттамасымен Абай Құнанбай­ұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспары бекітілген болатын. 82 тармақты қамтитын жоспар ірі халықаралық, республикалық және облыстық қоғамдық маңызы бар 500-ден астам іс-шараларды қамтиды.

– Биыл – ерекше айтулы жыл. Ел­дігіміз мен руханиятымыз үшін аса маңызды, мемлекеттік ғана емес халық­аралық деңгейде жауапкершілігі зор міндет көзделіп отыр. Ол ұлты­мыздың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнан­байұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуіміз болмақ. Абай есімі, Абай мұрасы, Абайдың өмір жолы мен өнегесі әр қазақ үшін қадірлі, қасиет­ті. «Қалың елім, қазағым, қайран жұр­тым…» деп, халқының қамын қара басының қадірінен жоғары қойып өт­кен ақынға деген ықылас зор, құрмет те шексіз. Жоспардың 4-тармағына сәй­кес Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстардың әкімдіктері мерекелеудің өңірлік жоспарлары әзір­ленді, – деген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов идеялық мазмұнды іс-шараларға негізделген бірқатар жоспармен таныстырды. Вице-министрдің айтуынша, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен ұлы Абай мерейтойының ресми салтанатты ашылу рәсіміне арналған концерт өткізіледі. Ал ең маңызды жобалардың бірі – Абай шығармалары 10 шет тіліне (француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай және түрік, жапон, неміс, италия тілдері) аударылып, сондай-ақ 3 мың дана таралыммен басып шығарылмақ.

– Аударма мәселесіне келгенде үлкен ыждағаттылықпен қарау керек. Осыған дейінгі тәжірибесі ескеріле келе, бұл жұмыстармен Ұлттық аударма бюросы шұғылданып жатыр, – дейді вице-министр.

Одан кейінгі ірі жоба – Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы және қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы үш қойылымдық-деректі фильм түсіру. Қазіргі уақытта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының 2019 жылдың 30 қыркүйегі мен 31 қазан аралы­ғындағы іріктеу конкурсына Абай туралы 3 деректі және 3 көркем фильм киножобалары келіп түскен. Келесі кезекте, аталған орталық қолданыстағы заңнамаға сәйкес, киножобаларды Сараптама кеңесі­нің қарауына шығаратын болады. «Деректі фильм – шығармашылық жұмыс­тың жемісі. Мен осы деректі фильмге абайтанушы ретінде қатысамын. Дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Киноөндіріс саласында, деректі фильм жанрымен жұмыс істеу бойынша белгілі бір деңгейде табысқа жеттік», дейді академик Ғарифолла Есім.

Мәдени-көпшілік іс-шаралар реті ақынның туған күніне орай тамыз айында туған жері Абай ауданында «Этно ауыл» кешенінің аумағында театрлан­ды­рылған қойылымдармен, айтыспен, сирек кездесетін кітаптардың, мұражай экспонаттарының, қолданбалы өнер шеберлері бұйымдарының көрмелері және спорттық жиындармен жалғаспақ. Семей қаласында «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткі­зіледі. Конференцияға белгілі отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдар, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері шақырылады.

Мерейтой аясында Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қоры­ғын музеефикацияландыру және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-рес­таврациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Барлық оқу орындарында Абайдың өлеңдерін және қара сөздерін мәнерлеп оқу және мазмұндау бойынша ашық сабақтар мен тақырыптық шы­ғар­ма байқаулары өткізіледі. Респуб­ли­каның барлық аймақтарында оқушылар үшін «Абай жеріне саяхат» атты Абай жерлеріне экскурсиялық турлар қарас­тырылған.

Жоғары оқу орындарында ғылыми конференциялар, Абай оқулары, симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фести­валь­дар, поэзия кештері, Абай өлең­дерін үздік оқу, әндерін орындау және шығармашылығын білу бойынша семинарлар мен конкурстар жоспарлануда. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу инсти­туты құрылды.

Әрбір қазақстандық Абайдың шығар­ма­лары бойынша жалпыұлттық дик­тантқа қатыса алады. Сонымен қатар мерей­той аясында барлық мәдениет және спорт ұйымында әдеби оқулар, тақы­рыптық іс-шаралар, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар, шы­ғар­машылық кештер, фестивальдар, әскери бөлімдерде белгілі ақын-жазушылар, абайтанушы ғалымдардың қатысуымен салтанатты іс-шаралар қатары толассыз жалғаса бермек. Бүгінде мерейтойды ЮНЕСКО аясында тойлау мәселелері қызу пысықталып, дайындық жұмыстары қарқынды басталып та кетті. «Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар Мәдениет және спорт министрлігінің 3 млрд теңге көлеміндегі жылдық жоспарланған қаржысы есебінен өтеді. Мысалы, Абай атын­дағы Опера және балет театры
гас­трольдік сапарларына бөлінген жыл сайынғы қаржыны Абай жылына арнап, Мәскеу, Түркия, Қытайға барып өнер көрсетеді», дейді Нұрғиса Дәуешов. Мерейтой аясында Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қо­рығын түрлендіру және ақын есімі­мен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставра­циялау жұмыстарын жүргізу қарасты­рылған. Бұл жұмыстардың бәрі «Қазрес­таврация» ұйымына бөлінген қаражат есебінен жасалады. Мысалы, Абайдың Семей қаласындағы музейінің ішкі жөн­деу жұмыстарына 30 млн теңге бөлініп отыр.

Абайдың әлемдік әдебиет пен мәде­ниетке қосқан үлесін кең ілгерілету мақ­сатында, мерейтой аясында қазақ­стандық және шетелдік медиада, әлеу­меттік желілерде кең тарату үшін ақынның шығармашылығы туралы бір­қатар телевизиялық, көркемдік, дерек­ті, ғылыми публицистикалық фильм­дер­­дің, телебағдарламалардың, арнайы шыға­рылымдар мен имидждік жоба­лардың жүзеге асырылуы қарастырылған.

Тегтер: Абай, Абай 175 жыл, мерейтой, мемлекет
Авторы: Ая Өміртай, "Егемен Қазақстан"

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

85

ақпарат

АБАЙ ДАНА, АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА

73

ақпарат

ТЕРМИН ӨЗГЕРТУГЕ ТҮРТКІ БОЛЫҢЫЗ

134

ақпарат

ҮЗІК ОЙЛАР, ҮМІТ ОЙЛАР