Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді

21.1.2020 414
«Отандастар» қорының дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда Ресей Федерациясында 1 млн 310 мың қазақ тұрады. Солтүстіктегі көршіміздің оңтүстік шекарасындағы өңірлерінде қазақтар көптеп қоныстанған. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген еді. Осы орайда, тілінің жоғалмауына жанын салып жүрген қандастарымызға Ресейде қолдау көрсетілгені көңіл қуантады. Соның бір айғағы болар, жақында Түмен облысында тағы бір қазақ сыныбы ашылды.

Бұл туралы Түмен облы­сын­дағы қазақтардың ұлттық-мәде­ни автономиясының төр­ағасы Есенғали Ыбыраев өзі­нің әлеуметтік желідегі парақ­шасында бөлісті.

Өткен аптада жариялаған жазбасында Е.Ыбыраев:

– Бүгін Голышманово ауы­лындағы №4 мектептің базасын­да Түмен облысының үшін­ші қазақ сыныбы ашылды. Сы­нып­тың ашылу рәсімінде дастар­қан жайылып, шашу шашылып, мерекелік концерт өтті. Қа­зақ­тардың ұлттық-мәдени авто­номиясының бұл бастамасын Голышманов қалалық округінің басшысы Александр Ледаков қолдады.

Алғашқы қазақ тілі ашық са­бағына 40 оқушы мен олардың әке-шешелері, ата-әжелері келді. Сыныпқа оқушы қабылдау әлі жалғасып жатыр. Ауылдар мен кенттерде қазақ тілін үйрен­гісі келетіндер көп. Дәл осы жер­де бірнеше жыл бұрын Түмен облысы қазақтарының алғаш­қы құрылтайы өткен еді. Қа­зіргі таңда Дүйсенбай Бекұжы­нов жетекшілік ететін автоно­миямыздың жергілікті бөлімшесі ұлттық-мәдени жобаларды белсенді жүргізіп келеді, – деп жазды.

Қазақстанның Ресейдегі ел­шілігі былтыр қазан айында дәл осы Түмен облысының Упорово ауылында қазақ сыныбы ашылғанын хабарлаған еді. Е.Ыбыраевқа арнайы хабар­лас­қанымызда, Упорово ауылын­дағы қазақ сыныбында 30, об­лыстағы алғашқы болып ашыл­ған Түмен қаласындағы сыныпта 27-30 оқушы білім алып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Ақпан айында Түмендегі Ишим қаласында қазақ сыныбын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Түмен қаласында сұраныстың көптігіне қарай тағы бір қазақ сыныбы ашылмақ. Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға ресейлік жергілікті атқа­рушы органдармен қатар сапалы оқулықтар, әдістемелер жағынан Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі және «Отандастар» қоры айрықша қолдау көрсетіп отырған көрінеді.

Иә, әр адам өз ана тілінде білім алуға құқылы. Сондай-ақ туған тілінде ақпарат алуға да хақылы. Ресейдегі қандастарымызда осындай маңызды мүмкіндіктердің аясы кеңейе түскендей. Бір­не­ше күн бұрын Мәскеудегі «Шере­метьево» әуежайында хабар­ландыру қазақ тілінде де айтылатыны туралы ақпарат тарады. Осы жайттың жай-жапсарын толығырақ білмекке бел буып, аталған халықаралық әуежаймен байланыстық. «Шереметьево» әуежайы баспасөз қызметінің жетекшісі Роман Генис бізге берген мәліметінде:

«Шереметьево әуежайының барлық навигациясы үш тілде, яғни орыс, ағылшын, қытай тілін­де ұсынылған. Дыбыстық ақпараттандыру жүйесі жеті тілді, соның ішінде қазақ тілін де пай­даланады. Әрбір нақты тілде хабарландырулар қажетті рейсті тіркеу және ұшып шығу кезінде беріледі. Айталық, рейс Қазақстанға бағыт алған кезде хабарландыру қазақ тілінде беріледі», деді.

Қазақстанға ұшатын жолау­шы­лардың қазақ тілінде ақпарат алу мүмкіндігі жөнінде «Шере­метьево» Мәскеу халық­аралық әуежайында «С-1» тер­ми­налының ресми ашылуын­да айтылған. 2017 жылдан бері құрылысы жүргізілген тер­миналдың ашылу рәсімінде биометриялық төлқұжат иелерін азаматтың қатысуынсыз өткізетін автоматты бақылау бекеті орнатылғаны және ақпараттық хабарландырудың автоматты жүйесі енгізілгені баяндалды. Әуежайдың C, D, E және F терминалдарында рейстердің ұшу бағытына қарай ақпарат әртүрлі тілде таратылады, оның ішінде қазақ тілі де бар. Сонымен қатар жолаушылар барлық дыбыстық хабарландырулардың жазбаша нұсқасын әуежайда орнатылған мониторингтегі жүгіртпе жолдан да оқи алады.

Тегтер: қазақ тілі, мемлекеттік тіл, ана тілі, Отандастар қоры, Түмен облысы

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

56

ақпарат

Екібаста бір тіл

216

ақпарат

Қазақ тілінде оқымаса, не үшін мектеп салдық?!

428

ақпарат

Ана тілі – арым дейтін жастар көп