Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Әліпби ұлтқа қызмет етуі керек

17.3.2020 712

2017 жылғы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан соң айырықша қарқынмен дамыған қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жұмысы шарықтау шегіне (кульминацияға) тақап келеді. Өңірлердегі филолог ғалымдар, тіл мамандары арасында өтіп жатқан республикалық ашық талқылау барысында ұсынылған жобаларды талқылу барысы осыны дәләлдеп берді.

Алдымен, жоба қандай болу керек деген мәселеде, ол, алдымен, ұлттық болуы керек. Ұлттық әліпби деген сөз – ұлтқа қызмет ететін, ұлттық тілдегі жазбаша коммуникацияны жүзеге асыратын әліпби болуы қажет деген сөз. Дәлірек айтсақ, әліпби ұлттық тілдің табиғи қалпына негізделуі тиіс. Бұл неден көрінеді? Ол біздің сөйлеу тілімізде көрініс табатын дыбыстық жүйедегі фонетикалық қорымызда жинақталған дыбыстарды дұрыс таңбалауға, Ақаңша айтқанда, таңба жүйелі (негізі ынтымақ) ұстанымын нақтылауға тікелей байланысты. Сондықтан да жаһандану заманымызда сөздік қорымызға Халелше (Досмұхамедұлы) айтқанда, «топан судай қаптап» еніп жатқан шеттілдік сөздерді кеңестік идеология қалыптастырған «принцип минимальных расхождений» пірінсібімен қабылдау нәтижесінде енген терімсөздерді тілдің қал-қадірі жеткенше ұлттық тілдің айтылым заңдылығына сай бейімдеп алудың дәл қазіргіден қолайлы сәтін көріп тұрғаным жоқ. Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұлттық тілде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұруы тиіс. Сондықтан басқа ұлттың қажетін өтеуге қызмет ететін кірме дыбыстардан арылу ел Президенті Қ. Тоқаев көрсеткен тілдік реформаның бастысы болуы тиіс. Әліпбидегі басы артық кірме дыбыстар таңбасынан арылу тілдік жүйенің барлық қабаттарына ықпал етіп, біраз мәселені өзі-ақ реттеп береді. Мысалы: ц, ч, ф, я, ю сияқты әріптердің жаңа әліпбиден алынып тасталуы бұрын сол әріптермен айтып, жазып жүрген сөздерді дәл осы әріптерсіз де айтып, жазуға қазақ тілінің қауқары жететінін көрсетіп берді. Айталық, кириллшеде баю, сою, тоя (тамақ жеу), қоя (тұр) т.т. латын әліпбиінде bay, soy, toy, qoy сияқты түбірін анық ажыратып, бірқатар морфологиялық мәселелерді де оңтайлдандырып тұр. Орыс тілін акцентсіз сөйлеу мен сол тіл арқылы енген сөздерді сол қалпында жазу тілдің иммунитетін әлсірететін әрекет екені бұрын да айтылып жүр. Олай болса, тілді сауықтыру жолында әрекет етуге кім кедергі? Әрине, тілдік санада дейміз бе, құлдық санада дейміз бе, тұрақталып қалған нәрселерді бір күнде алып тастау бірқатар социумға қиындық тудыратыны рас, бірақ жеңуге болатын уақытша қиындықтар. Бастысы – пыйғыл. Онсыз рухани жаңғыру болмайды.

Әліпби ұлттық болуы тиіс деген мәселеде қазақтың әліпбиі ешкімдікіне ұқсамау керек деген де пікірлерді оқып жүрміз. Негізі латын графикасына ауысу – жаһандану заманының бір талабы, жазу кеңістігіндегі ортақтықтыққа ұмтылу. Оның ұтымды жақтары көп. Айталық, Қытай, Жапония т.т. елдерге барсаңыз, иеороглифтерге қарап, не жазылғанын түсінбей тұрасыз. Немесе ол елдерден, тіпті Түркия, Еуропа елдерінен келген қандастарымыздың өзі қазақша білгенімен, біздің кириллше жазуымызды танымай қиналады. Өз кезегінде біз де сол елдерде дәл сондай күй кешеміз. Жазудың ортақтығы, әсіресе, білім-ғылым кеңістігіндегі академиялық ұтқырлықпен барыс-келісте жүрген оқытушыларымыз бен білімгерлеріміз үшін де оңтайлы тұстары жетерлік. Сондықтан жаңа әліпбидегі біраз таңбаларымыз түріктің не өзбек, әзірбайжаннның қарпіне ұқсаса, оған тек қуануымыз керек.

Талқылауға ұсынылған «Тіл-Қазына» орталығының («Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және IT-сүйемелдеу жұмыс тобы» деген атпен түскен) жобасы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған жобаны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының ұжымы да талқылады. Алғашқы топ ұсынған жекеленген әріптерге қатысты пікірлеріміз:

С әрпін қазақ әліпбиіне енгізуді құптамамаймыз. Өйткені қажеттілік жоқ. Бұл әріп ағылшын тілінің өзінде екі түрлі (s, k) оқылады: city ['sɪtɪ], doctor ['dɔktə]. Оны пернетақтада тұр екен деп, тілімізде жоқ дыбысты таңбалауға қолданудың қажеті шамалы.

Ц дыбысымен келетін сөздер көп тілде де, тіпті бізге де қазақша «шапан киіп» еніп келе жатыр: aksia, sirk, sement т.т. Орфографиялық топтың бұған дейінгі әзірлеген орфографиялық ережелерінде сәтті ұсынылған емле ережесі ретінде қазір латынша жазуда қолданылып, көз үйреніп, қол жаттығып келеді. Енді жаңа бекітілетін әліпбиге «Ц»-ның орнына «С» немесе Ç әрпін алып қолдансақ, бұлар баяғыша орыс тілінің заңдылығымен тілімізге қайтадан енгелі тұр.

Сол сияқты И-J, Z-Ж туралы ұсынысты да қолдамамаймыз. Біріншіден, И-J туралы. Жалпы тіліміздің табиғатында да, сондай-ақ белгілі фонетист ғалым Әлімхан Жүнісбек әлденеше рет дәлелдеп көрсеткендей, дауысты И, У деген дауысты дыбыстар тілімізде жоқ. Жоқ дыбысқа таңба іздеудің қажеті шамалы. Кезінде саясатпен еніп, қазіргі социумның тілдік санасынан алып тастауға аса қиындық тудырып тұрған да осы әріптер. Бұлар да Ц, Ф, Я, Ю таңбалары сияқты кірме сөздерде ғана қолданылады. Қазіргі жазуымыздағы кино мен киім сөздеріндегі и бірдей дыбыстар емес. Дұрысы екінші сөзде – кійім, бұл жердегі й – қазақтың дыбысы, дауыссыз дыбыс. Ал Ж дыбысын таңбалауда ұсынылған екі әліпбиде де J таңбасы дұрыс таңбаланған, сондықтан оған ана таңба дұрыс па, мына таңба дұрыс па деп басы ашық мәселені күрделендірмеген жөн.

Ң – ға η таңбасын алуды қолдаймыз, халықаралық фонетикалық әліпбидегі таңбасымен де үйлесім тауып тұр.

Ww, Xх, С таңбалары тек пернетақтада орналасу керек дегенді құптайсыз ба? деген сұрақтың жауабы белгілі. Біз қаласақ та, қаламасақ та, бұл әріптер пернетақтада тұрады. Өзге тілде мәтін жазуда пайдаланамыз. W таңбасын қазақ тіліндегі дауыссыз у дыбысының, ал Yy таңбасын дауыссыз й дыбысының орнына қолдану туралы ұсынысты қолдаймыз. Әліпби жасау, әріп таңдау мүмкіндігі мүмкін бір ғасырда бір-ақ берілетін жайт екенін ескерсек, дәл қазіргі буынға берілген бұл мүмкіндікті ұлт ұпайын түгендеуге жұмсасақ дұрыс болар.

Әліпби мәселесі бірінші кезекте тіл білімінің орфография, терминология мәселелеріне қатысты болса, екіншіден, оқытумен, педагогика саласына да тікелей қатысы бар. Сондықтан қазір тек әліпбиді шешсек, қалғанын кейін көрерміз деген көзқарастан арылып, мүмкіндігінше бұл мәселелерді де қаперден қалдырмау қажет. Өйткені олар бір-бірімен тығыз байланысты, арасына Қытай қорғанын салуға болмайтын, сабақтас мәселелер.


Тегтер: әліпби, қазақ әліпбиі, ы, у, таңба
Авторы: Тыныштық Ермекова, Филология ғылымдарының докторы, профессор. "Abai.kz"

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

85

ақпарат

АБАЙ ДАНА, АБАЙ ДАРА ҚАЗАҚТА

73

ақпарат

ТЕРМИН ӨЗГЕРТУГЕ ТҮРТКІ БОЛЫҢЫЗ

134

ақпарат

ҮЗІК ОЙЛАР, ҮМІТ ОЙЛАР