Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазақ тілінің алғашқы емле ережелері

3.4.2020 1043

Ғалымдар көрсеткендей, қазақ жазуының тарихы ұлттық кезеңге дейінгі және ұлттық кезеңдегі деп екіге бөлінетіні мәлім. Ұлттық кезеңге дейін түркі халықтары көне түркі және араб жазуын қолданды. Ислам дінімен бірге келген араб жазуы ХХ ғасырдың басына дейін қолданыста болды. Емле ережелері арнайы жазылып, әлі жүйеленбеген, ресми бекітілмеген уақытта халық қалай жазды, жазуда бірізділік сақталды ма?

Кез келген жазу белгілі бір ұйымдасқан жүйе арқылы ғана қызмет етеді. Егер жазу қандай да бір орфографиялық ұстанымдарға арқа сүйемесе, онда ол жазу халық қажеттілігін өтей алмайды және ұзақ уақыт бойы қолданыста да болмайды. Ортатүркілік жазу дәстүрінде қатаң нормаға айналған жұрнақ пен жалғаудың бір ғана формасын жазу, мысалы, инвариант приципі бойынша көптік жалғауының тек -лар (адамлар, таслар), ілік септігінің тек -нің (үйнің, елнің), сын есімнің тек -лық (дослық, адамлық), тарихи дәстүрлі принцип бойынша қ орнына х (иахшы, иарылхау), у, и келетін жерлерге ғ, г (бағыр, сығыр, бағла), ж орнына и (иыл, иаз, иаңбыр), қатаң п орнына ұяң б (барыб, айтыб) жазу, еріндік сингорманизмді сақтау (отұр, қолұ, үнү), араб, парсы сөздерін тек түпнұсқаға сәйкес қана жазу (никаһ, махкама, хауф) сынды орфографиялық принциптер ХХ ғ. басына дейін сақталды. Бұлай жазудың басты себебі, түркі халықтарының барлығына түсінікті болу мақсатында ортақ емлені ұстану еді. Алайда бұл қазақ жазба тілінің ұлттық сипатта дамып, қалыптасуына айтарлықтай кедергі келтіретіндіктен, мұны А.Байтұрсынұлы «қисық емле» деп атаған және жазба тіл түркі халықтарына ортақ емес, әр халықтың сөйлеу тіліне сай жасалуы керек деді. Сондықтан да ұлттық тілге негізделген емле ережесін түзу ісін қолға алып, ортатүркі жазу дәстүріне тән элементтер мен түркі қосымшаларынан қазақ жазу жүйесін толықтай тазалады, түпнұсқамен жазылып жүрген араб, парсы сөздерін қолданыстан шығарып, қазақ тілінің айтылым заңдылығына икемделген нұсқасын орнықтырды. Қазақ емле ережелерінің алғашқы ғылыми негіздемесі де А.Байтұрсынұлы тұжырымдарынан басталады. Ғалымның 1912-1927 жылдар аралығындағы еңбектерінде қазақ тілінің емле ережелері біршама жүйеленді.

Десек те емле ережелерін тұрақтандыру, біріздендіру мәселесі сол кезеңде өте өзекті еді. Сондықтан емле ережелеріне қатысты жиындар, сиездер өткізу 1923 жылдан бастап қолға алынды және күн тәртібіндегі маңызды мәселелер жазудағы басты принципті анықтау, бірге және бөлек жазылатын сөздер мен кірме сөздер емлесін жүйелеу болды.

1923 жылы Халел Досмұхамедұлы төрағалық еткен Қазақ-қырғыз Білім комиссиясы 12 тараудан тұратын емле ережелерін арнайы бұйрықпен бекітті және ол кітапша ретінде басылып шықты. Бұл ережелер жинағы Үкімет деңгейінде ресми түрде бекітілген алғашқы емле ережесі болып табылады. Бұдан кейін де емлені жетілдіру, толықтыру, түзету жұмыстары 1924 жылдың 12-18 маусым аралығында Орынборда өткен қазақ, қырғыз білімпаздарының тұңғыш сиезінде, 1926 жылы Бакуде, 1929 жылы Қызылордада өткен конференцияларда қызу талқыға түсті.

1923 жылғы емледе араб, парсы сөздерін жазу үшін х, ф таңбалары алынғаны, қос сөздер мен түбір сөзден кейін келетін шылаулар дефис арқылы жазылатыны арнайы тарауда көрсетілді. 1924 жылы өткен білімпаздардың тұңғыш сиезінде емле мәселесіне қатысты бас баяндаманы Елдес Омарұлы жасап, араб, парсы сөздері үшін алынған х, ф таңбаларын әліпби құрамынан алып тастау туралы ұсыныс жасады және ы мен і дыбыстарын барлық буында жазу керек деген мәселе көтерді. Бұл жиында и мен у дыбыстарының дауысты немесе дауыссыз екендігі талқыға түсті. 1926 жылы Бакуде өткен сиез жұмысы 9 күнге созылып, түркі халықтарының жазудағы орфографиялық принциптері, терминология мен кірме сөздер емлесі қарастырылды. 1929 жылы Қызылордада өткен конференцияда морфологиялық және фонетикалық принциппен жазылатын сөздер талқыланып, қазақ жазуы фонетикалық принципке негізделсін деген шешім қабылданды. Бұл уақытта латын графикасына көшу мәселесі де қатар көтеріліп, қазақ қоғамы латыншылдар және арабшылдар деген екі топқа бөлінді. Латынға көшкеннен кейін де күрделі сөздер мен кірме сөздер емлесі, и мен у мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

Кирилл әліпбиін қабылдағаннан кейін иу, иа тіркесімен жазылатын төл сөздерді ю, я әрпімен таңбалау ең даулы мәселелердің бірі болды. Кирилл әліпбиіне негізделген ең алғашқы емле 1957 жылы бекіді. Бұл емле ережелеріне 26 жылдан соң толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, 1983 жылы 25 тамызда ресми түрде екінші рет бекітілді. Орфографиялық сөздік түзу ісі де кирилл әліпбиін қабылдаған соң қолға алынды. Ең алғашқы орфографиялық сөздік С.Аманжолов, С.Кеңесбаев, Н.Сауранбаевтардың жетекшілігімен 1941 жылы жарыққа шықты. 1948 жылы М.Балақаевтың оқушыларға арналған қысқаша «Емле сөздігі», 1957 жылы «Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі» жарыққа шықты. 1960 жылы мектеп оқушыларына арналған офрографиялық сөздік, 1972 жылы оның толықтырылған нұсқасы жарық көрді. Ал үлкен орфографиялық сөздіктер кеңестік кезеңде 1963, 1978, 1988 жылдары, тәуелсіздік алғаннан кейін 2001, 2005, 2007, 2013 жылдары жарық көрді. Әрине бұл сөздіктерде кейбір сөздердің емлесі ішінара өзгеріске ұшырап, заман ағымына сай жаңа сөздермен де толығып отырды.

Тегтер: қазақ тілі, емле ереже, жаңа әліпби
Авторы: Гүлфар Мамырбек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

112

ақпарат

АБАЙ АЙТҚАН ҚҰНЫ АЛТЫН СӨЗ ЗЕРЕГІ…

92

ақпарат

БАЙҚАУҒА ДЕГЕН ЫНТА ЖОҒАРЫ

164

ақпарат

«АБАЙДЫҢ ӨЗІН ОҚЫҒАН АБЗАЛ»