Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Қазіргі қазақ романы қай деңгейде?

15.10.2021 366
Роман жазуды ешкім ешкімге үйретпейді.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ:

– Қазіргі қазақ романы (Тәуел­сіз­дік­тен бері қарайғы кезең­дегі) қай дең­гейде? Кімдердің романын тұщы­нып оқыдыңыз? Әсері қалай болды?
– Қазіргі қазақ романы қай дең­гей­де дегеннен гөрі қазақ әдебиеті қай деңгейде деген дұрыс болар еді. «Әде­биет – өмір айнасы» десек, «бетің қи­сық болса айнаға өкпелеме» деген тағы бар. Айна да адам бейнесін ашық көр­се­те алмай тұр. Проза – әдебиеттің ауыр артиллериясы, ал артиллерия алыс­қа атады, ол үшін әскери тілмен айт­қан­да, артиллериялық дайындық керек. Әдебиет артиллериясы қазір алысқа ата ал­май тұр, ол үшін қаламгерге үлкен да­йындық қажет. Біздің қаламгерлер мо­раль­дық-материалдық жағынан бұл та­қы­рыпты жазуға толыққанды әзір емес.

Тәуелсіздік алғалы екі автордың ро­ма­нын оқыдым. Біріншісі – Тынымбай Нұр­мағанбеттің «Періштелердің өлімі». Қа­ламгер бұл шығармасында бүгінгі заманның ащы шындығын суреттеу арқылы адамдардың көркем бейнесін жасайды. Шығарма қалың оқырман қауымның ықпалы арқылы Мемлекеттік сый­лықпен аталып өтті. Екіншісі – Тұ­рыс­бек Сәукетайдың «Мен – жынды­мын» романының екі кітабы. Мұнда автор қоғамға жарымес кейіпкердің көзі­мен баға береді, ол жынды болса да сау адам­­ның сөзін айтады. Әрине, бұл әде­биет­­тегі классикалық тәсіл. Гоголь­дің «Жын­дының жазбаларынан» кейін ана ті­лімде сүйсініп оқыған шығармам осы.

Ділдар МАМЫРБАЕВА:

– Сұрағың әдебиеттанушыларға қо­йы­латын сұрақтар екен, дегенмен қатар­дағы қаламгер, оқырман ретінде ойымды ай­тайын.

Тәуелсіздіктен бері жүзге тарта роман жазылды дейді. Оның деңгейі қалай дей­сің?

Жазушылардың бірі жақсы, бірі орта­ша, бірі нашар жазады. Ол Тәңір тартуынан, өнер тылсымдығынан шығар. Әй­теуір, жұмбақ нәрсе, сондықтан өлшеу­сізді өлшеулімен өлшей алмай­тын секілдіміз. Мақтау, мадақтау дәмет­пей­тін, қымбат еңбек етіп жүрмін деп ойла­май­­тын дарындылар бар, «біз еленбедік, біз бағаланбадық» деп жарнамасын әр те­сіктен жылтыңдататындар да бар. Осы­ларды жинақтай келгенде мәселеміз жоқ, көңіліміз тоқ дей алмаймыз. Жаңа за­­ман – жастар жағы жаһандық ой-өріс­ке ұмтылған, үлкендер кібіртіктеп қалған уақыт. Жастар жазудағы эксперименттен қорықпайды. Сақтықтан ада. Үлкендер өздері өмір сүрген жүйенің тү­зе­­ту­лерінен, айыптауларынан өткен «тү­­сініксіз комплекстер қоймасы». Уа­қыт­тың өзгергенін түсіне тұра ескі әдіс­пен жа­зуға машықтанғандардың жаз­ған­да­ры жа­ныма жақын.

Роман жазуды ешкім ешкімге үйрет­пей­ді. Оның оқуы жоқ. Жазу қызық бол­ған­да, ішкі бір түйсік түртпектегенде ат­қа­рылатын іс шығар. Тұщынып оқы­ға­ным – Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-айы», Жүсіпбек Қорғасбектің «Үл­пілдегі», Рахымжан Отарбаевтың «Басы», Жақсылық Сәмитұлының «Қа­һар­лы Алтайы» (трилогия).

«Қаһарлы Алтайдың» әсері ұшан-теңіз дер едім. ХХ ғасырдың 40-50 жыл­да­рындағы Шығыс Түркістандағы қазақ өмірінің, қазақ тіршілігінің энциклопедиясы. Әрқайсысы 700 беттен тұратын үш кітаптың әр парағын оқыған сайын жүрегіңмен күйінесің, сүйсінесің, өзіңе беймәлім әуезбен тербетілесің. Мұнда дайын формат, үйренген схема жоқ. Ке­йіп­­кері – ұлт-азаттық көтерілістің көсе­мі – Оспан батыр. «Қаһарлы Алтайды» жазуды жазушы өмірлік мұрат етіп алғандай. Ол Оспан батырдың бейнесін қи­мыл-қозғалысын, мінезін, ішкі сы­рын, ойын елге түгелдей таныту үшін өзін аямаған секілді. Кейіпкерін жақ­сы көріп, ол атқарған істің бәрін өзі де жақ­сы көріп, ықыласпен жазған. Үде­сі­нен шыққан. Оспан тағдыры – әрі тра­ге­дия­лық, әрі романтикалық өмір. Сю­жет құрылысындағы панорама есіңді алады.

Әркім-ақ жанарында сақтап, көлеңке тү­сірмеуге тырысатын аяулы қазақ әйел­де­рінің бейнесін жасауда Жақсылық Сә­митұы бейнелеуде де, мінездеуде де, әсер­леуде де, портрет жасауда да қысыл­май еркін көсіледі.

Кітаптағы Шәмсия сөзімен, іс-әреке­ті­мен сол өзі өмір кешкен дәуірге сай. Қорғансыз. Оның бейнесін сомдағанда жа­зушы қазақ ғұрпын , тұрмыс-салтын тір­шілігін, сана деңгейін, мінезін, қа­рым-қатынастардың шиеленісін, ширатылуын жазғанда ойын үстемелеп, аямай үйіп-төгеді. Бұл жерде күйініп отырып күліп жіберетін тұстарың бар. Жазушы кейіпкерлерін оттан шығарып суға салады, ащы өмірлерін одан әрі тұз­дық­тайды.

Мен осы жазушының жазғандарына арбалып қалған оқырманмын. Оспан – батыр. Қазаққа осы сөз жетіп жатыр деп ойлаймын. Оның өмірін, ерлігін, тағ­ды­рын роман деген жанрдың көркем бейне деген өлшемінің тұсына әкеліп са­лып көріңізші. Тепе-теңдікті, дәлдікті көресіз. Осы романның жазылуынан кем­шілік табатын сыншы да бола қоймас деп ойлаймын.

Рахымжан Отарбаевтың «Бас» ро­ма­ны­­нан тобырлық кейіптегі «зиялы­лар­ды» көресің. Өз тарихына, өз ұлтына қар­сы жұмыс істеген, ана сүтін арамға шы­­ғарған мансаптылардың соңында ит та­лағандай қылығы өзің білетін бі­реу­лер­ді елестетеді. Кеңес кезеңінің ұлт­тық құндылыққа, ұлтқа, тілге деген жа­ғым­сыз, жазылмаған, көзге көрін­бей­тін ере­желері болды. Рахымжан Отарбаев «Бас» романы арқылы ұлттың рухани тең­сіздігін алға шығарды. Жаһандану ке­зінде қазақтың тұрақты орнының қай­да болу керектігін ұқтырды деп ойлаймын.

Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-айы» – ұлт-азаттық көтерілісінің шежі­ре­сі «Қаһарлы Алтаймен» бір үндес, бір сарындас. Романдағы айтылғандарды жа­зушы мұрағаттан алдым десе, біздің әке-шешелеріміздің аузынан үзіп-жарып есті­гендеріміз. Ондағы жер-су атаула­ры таныс. Оқығаныңды көз алдыңа елес­те­тіп отырады. «Қилы кезең» секілді кино тү­сіруге сұранып тұрған дүние. «Қа­зақ­стан тарихының» хрестоматиясына ене­тін шығарма.

Дидар АМАНТАЙ:

– М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты деректері бойынша (Әлмира Қали), Қазақстанда, Тәуелсіздік ал­ғалы, отыз жыл ішінде, жүзге тарта ро­­ман жазылған екен. Көпшілігі, тіпті, бас­­падан жарық көріп те үлгеріпті.

Қайтеміз, кітап оқудан жазу озған заман. Мен аптасына бір кітап оқимын. Кітап – белгілі бір мәтін тұрғысында. Не­месе бір туынды. Кейде, шағын дүние. Оның ішінде классикалық шығар­ма­лар мен заманауи туындылар да бар. Са­ла­лас, аралас-құралас дүниелер де ке­­ліп жатады, – негізінен, әдеби-көр­кем не­месе философиялық еңбектер, жал­пы, қы­­рыққа, елуге жуық жас ақын-жазу­шы­­лар кітаптарына, әңгіме-жыр­ла­ры­на пікір білдіріппін, кәдімгідей рецензия жа­зыппын.

Бірақ неге екені белгісіз, жаңа ро­ман­­дар қолыма сирек тиген екен. Та­ласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Сәуле Дос­жанның «Қасірет пен тағ­дыр», «Жат­қа туған бала», «Екі күйеу­лі ке­ліншек», «Үлкен үйдегі үрей», «Үзіл­ме­ген үмітін», Ерлан Төлеутайдың «Жү­сіпбек Елебеков» (роман-эссe) пен «Үкілі Ыбырайын» (роман-эссе), Ырыс­бек Дәбейдің «Жылқы атыл­ған жаз» бен «Қоңызын», Ақберен Елгезек­тің «Бақытсыз балалық шағын» (повесть) сүйсіне оқып шықтым. Біразы еске түспей отыр. Жарайды, оларды келесі сұхбатта атармыз. Қазір Дәурен Қуат ро­ман жазып жатыр деп естідім. Нұржан Қуантайұлы да жақсы бір кітап жазған кө­рінеді. Мен кейінгі жылдары көп поэ­­­ма да оқыдым. Бір шоғыры: Мағжан – «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян», «Жүсіп хан», сосын, «Ер Сайын» жыры, Маралтай – «Аруана”, «Алдияр батыр», Несіпбек Айтұлы – «Қаныш», «Жер – жаннан қымбат» (Жұмабек Тәшенов туралы), Cерік Тұрғынбекұлы – Тоқтар Әубәкіров жайлы, Ғалым Жайлыбай – «Қара орамал», Серік Ақсұңқарұлы, Айнұр Төлеу... Көп. Көзіқарақты оқырманға арналған ті­зім ұзақ.

Елде роман көп жазылып жатса да, көлемі жағынан – дені шағын шығарма деп естимін, бірақ, салмақсыз деп айта ал­­маймын. Мен оқыған романдарда ой, тол­ғаныс бар, сюжеті – уақиға, шие­ле­ніс­ке бай.

Анар ҚАБДУЛЛИНА:

–Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ТМД елдерінің көпшілігі бірден на­рықтық әдебиетке өтіп алды, ондай елдердің қатарында Ресей, Балтық ел­де­рі бар еді. Баспа ісі жеке кәсіп ре­тін­де дамып, әдеби агенттіктер алдымен сол елдерде пайда бола бастағаны рас. Нарықтық экономика жүйесінде баспаның да, әдеби агенттіктердің де ақша табуды көздейтіні заңды, сөйте тұра, бұлар әлемдік әдеби процеске ілесе отыра, жаңа кезең әдебиетінің дамуына үлес қосты, әлемдік кітап нарығымен біте қайнасып кете алмаса да, бір әрекет­тер жасалды және жасалып жатыр. Ал ба­тыс бестселлерлерін аударып, ТМД елдері аумағында ол кі­таптарды сатуда қазір Ресей алдына жан салмай тұр. Біз болсақ, «Ме­ломанда» неге орыс тілін­де­гі кітаптар көп те, қазақ тіліндегі кі­таптар аз?» дейміз. Бұл – нарық заңы­ның нәтижесі. Біздің баспалардың өз өнімдерін ол жақтың өнімдерімен қатар ұсы­­ну­ға бәсекелестік қабілеті жетпей жа­тыр. Қазір әлем бойынша проза жан­рын­дағы кітаптар сұранысқа ие.

Поэзия, новелла, әңгіме емес, көлем­ді романдар. Қазақ жазушылары тәуел­сіз­дік алған жылдардың басында ро­ман­ға жанр ретінде басқаша қарай бас­та­ғаны рас. Кейін дамымай, жетілмей қал­­д­ы деп ойлаймын. Менің айтайын де­генім, қазіргі көлемді прозаның бәрі роман емес. Қазақ жазушыларының ро­ман туралы өзіндік көзқарасы, тү­сіні­гі бар. Көлемді проза жазуда әлем­дік тенденцияға икемделуіміз керек, бұл – қазіргі заманның ғана емес, ертеңгі күннің де талабы. Роман болсын, басқа жанр болсын, оған баға беретін – оқырман. Жақсы романдар бар, бірақ оқырман қолына жетпейді. Кітап нарығында жүрген кәсіпкерлер жақсы кітаптардың шығып, оқырман қолына жетуі үшін барын салуы тиіс. Аз таралыммен шығарып, бір-екі кітап дүкеніне қойып қоюмен шектеледі. Көп баспалар мемлекеттік тапсырыс­­­­пен шығатын кітаптарға арналған тен­­дерлермен ғана жұмыс істейді. Ол кі­­таптарды шығарған соң, сата алмайды. Мемлекеттік тапсырыс тізіміндегі кітаптардың көбі әдебиет тарихы файлына әлдеқашан еніп кететін кітаптар, баспагерлер қазіргі романдарды шы­ғарып таратуға қызығушылық танытпайтыны бұл жанрдың дамуын тежеп отыр.

Оқыған, ұнатқан көлемді кітап­та­рым көп, көбі роман деп аталғанмен, кри­терий­ге сай келмей жатады. Мистик жа­зу­шы Қойшыбек Мүбарактың әңгі­ме­ле­рін оқығалы, одан «роман бар ма?» деп сұрап жүрмін. Ол «Дөңті» ро­ма­­нын жазу үстінде. Бірақ материал­дық қол­­дау бол­мағандықтан, жазуға еркін оты­­руға мүм­кіндігі болмай жүр. Егер жақ­­сы бас­па­мен келісімшарты болса, Қой­шы­бек­тің аты батыста кең таныл­ған Стивен Кингтен кем болмас еді.

Қуат ҚИЫҚБАЙ:

– Біз осы салада қалам тербеп жүр­ген­нен кейін жаман сөз айту жарамас. Жалпақшешейлік емес. «Жаман» не­месе «төмен» дегеннен ешкім бізге жақсы дүниесін бере қоймайды. Ойлы оқыр­манның аңсары ауып іздейтіні оғаш ой мен соны стиль! Осылар болмаса шығарма әлсіз де солғын. Белгілі һәм бұлжымайтын қағидат.

Әдебиеттегі көркем ойдың құзар шы­ңы – роман. Қазақы ұғымға салсақ ұзақ әңгіме. Ертегіні бір күн емес он түн тыңдайтыныңыз секілді екі күнде емес бір аптада оқылатын роман яғни ұзақ әңгіме болса тіптен жақсы. «Уақыт солай, заман талабы солай» деген сылтау ғана. Елітіп отырсаңыз ештеңені көзге ілмейсіз. Сүйегі татымайтын құр сөзден және ойсыз оқиғалар тізбегін оқыған соң әрине, Құдай кешірсін, «қашан бітеді» деп тағатың таусылады. Бір ғана нәрсені, өз басымнан өткенді айтайын.

Студент кезімде және бертін келе Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» мемуарлық романын оқып шықтым. Бір ай бойы көзімді ашсам да, жұмсам да сол, тұрсам есімнен, жатсам түсімнен шықпайды. Лекцияларда, жұмыс орнында, жатын бөлмемде, автобуста болсын, қыл аяғы қайда барсам дара жазушы Қажығұмарды қолтықтап жүремін. Неге? Өйткені оқиғасы, әңгімені өруі, формасы мен беруі тосын болған соң бас ала алмай бастырылып қалдық. Шынын айтайын, көлеміне қарамадық. Алдыңғы алты кітаптан бөлек тағы алтау болса да жоғарыдағы мінез-ма­шығыма салып оқып шығар едім. Көр­діңіз бе? Бұл әркімге әр қалай әсер етуі мүмкін.

Оқитын адам жоқ деген бекер сөз. Басқасына қайдам өзіміздің шолтиған әңгімеміз жарық көрсе әсерімен бөліскен оқырмандар «Қашан көлемді туынды жазасың? Жасың келді» деп онсыз да өзіміз ойлап, дамыл таппай тынымсыз еңбектеніп жүргенде одан әрмен қамшылай жөнеледі. Жә, бұл деңгейі жоғары роман жоқ, болса соны оқитын оқырман жоқ деген ойдың жетегінде айтылған сөз...

Тәуелсіздік жылдарында тарихи ро­­­мандар дүниеге көптеп келді. Жа­сы­ра­тын несі бар, сондағы қаузайтын та­қырыбы, тұлғаны асыра суреттеу, көп сөзділік пен артық бейнелеу, тарихи тұлғалар мен кейіпкерлер образы ортақ болып кеткендей көрінеді кейде. Айтатыны батыр мен би, шешен мен көсем. Әй, мұны неге жазған екен деп терең үңілсек, жерлесі не руласы болып шыға келеді.

Тұлға деп тани алмасақ, әдебиетке берер әсері мен пайдасы болмаса, сіз мені ке­шіріп қойыңыз, әлдеқандай жазу­шы­ның руласы мен атасы жайындағы «ұзақ әңгімені» яғни роман оқығым келмейді. Мен бұл сөзді әдебиетші емес, қа­ра­­пайым оқырманның көзқарасы ре­тін­де айтып отырмын. Осындай қай­та­лама ке­йіпкер мен ортақ образдар арқылы ро­ман деңгейі қалай өседі. Өшіп барады десек өре түрегелетіндер өте көп.

Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген романдар тізімінде Қ.Жұмаділов «Қылкөпір», М.Мағауин «Сары қазақ», «Жармақ», Н.Дәутаев «Құдірет пен қа­сі­рет», Ә.Асқар «Өр Алтай, мен қай­те­йін биі­гіңді...», Қ.Түменбай «Бекеттегі бей­кү­нә­лар», А.Алтай «Туажат», «Сират», Н.Қуантайұлы «Қараөзек», Т.Әсем­құлов «Талтүс», А.Кемелбай «Мұна­ра», Т.Сәукетаев «Ай қараңғысы», «Мен жын­дымын» сияқты авторлар мен туын­ды­­ларды атаған жөн.

Бір ғана Асқар Алтайдың екі бірдей ро­маны «Туажат» пен «Сират» шығарма­ла­ры шымыр, ойы мен сөзі кесек дүние дер едім. Көтерген тақырыбы да тосын. Тәуелсіздік жылдарында біз бергі бетке өткен елдің тарихын жазып кеттік. Ал жазушы осы «Сират» романында ар­ғ­ы бетке өтіп жанкештілікпен ғұмыр кешкен, елі үшін емірене қолына қару алған ер қазақты сөз қылады. Романда байырғы бабамыздың басынан өткерген бұлыңғыр тарихы – Шығыс Түркістан Республикасының азаттық күресі жа­йында айтылады. Бір-біріне еш қатыссыз бірде-бір кейіпкер жоқ. Романның әр тарауындағы кейіпкерлер де әртүрлі болып келеді. Тарау сайын өзгеріп отыратын кейіпкерлер арқылы халықтың басынан кешірген ауыр тағдырын ашып отырады. Сондықтан да шығарма идея­сы тарау сайын толығып, толысып оқыр­ман­ға жаңа қырынан танылып, ой са­лып жалғаса береді. Бұл бір жа­ғы­нан ал­саңыз жаңашылдық болып көрі­не­тіндей. Өйткені айтар ойы, әр тарау­да­ғы кейіпкерлердің басынан кешірген өмірі мен халықтың тағдыры жалғыз.

Тибет асып, Үнді мұхитын кесіп, Түр­кия­ны тұрақтаған қара халықтың қасі­реті, қаншама жылдар өтсе де, көлбеңдеп көз алдыңда көрініс береді. Такламакан, Гобби шөлінен елді бастап жаңылмай жол тапқан ерлер рухының беріктігіне шынымен бас шайқайсың. Елдің есендігі үшін шейіт кеткен жандарға қарап «Қа­зақ­т­ың сүйегі қайда қалмаған» дегенге нық сеніп, жүрегіңнің басына қайғының қара қаны ұйып қалады.

Қалай алғанда да қазақтың қанша­ма қасіретті, қайғылы тарихы сурет­телсе де шығарманың өн бойындағы шын­дық, адастырмайтын ақиқат оқыр­ман­ның жүрегіне сенім ұялатып, рухын асқақ­татады. Бабалар жолынан жаңыл­май мына біздерді де күрескер болуға үндейді. Туындыдағы ұлттық рухтың жо­ғарғы деңгейде барынша дәріптеліп, бі­рін­ші кезекте көрініс беруі оқырманды қызыға оқып шығуға жетелейді.

Повесть – басы артық жанр

– Заман ағысына сай шағын романдар пайда болды, бірақ көлемі мен айтар ойы жағынан повестің жүгін арқалайтын шығармалар да роман деп аталып жүр, бізде көркем шы­ғар­ма­н­ың жанрын айқындауға кім­дер кө­ңіл бөлгені дұрыс?

Қуандық Түменбай:

– Мәселе көлемде емес, компози­ция­лық құрылым мен көркемдікте. Шы­ғарма уақыт тезінен қалай шықты, қо­ғамдық даму кезеңіне қалай жауап берді? Біз «Тынық Доннан» бастап, кө­лемді эпикалық шығармаларға көз үй­рет­­кен оқырманбыз. Енді «Обломов» сияқ­ты романдар да, кейіпкері де арық­та­са әбден болар еді. Өйткені жыл басында шаруа наны 115 теңге еді, қазір 199 теңге. Қаламға да күш керек, уақыт семіздікті көтермейді. Үлгі тұтар Тургеневтің «Дворян ұясы» 140 бет болса, «Бұл мені де, мен сияқты шалдарды да атып тастады» деп Бунинді зар жылатқан жаңашыл стилист В.Набоковтың «Машенькасы» 80-ақ бет. Еке­уі де атышулы жұп-жұқа роман. 3 бет «Хамелеонның» өзінде де роман жү­гін арқалаған қоғамның көрінісі бар. Ал енді тісің ауырса стомотологқа барасың, жанрдың айырмашылығын әдебиет мамандары айқындамай ма? «Шөп те өлең, шөңге де өлең» заманда білімді филологтер қажет. Ғылыми дәре­жесі зор болғанмен проза мен журналистика жанрларын ажырата алмай жүргендер баршылық. Қой маңырапты дейді, «сойса қасапшы сойса екен» деп. Әдеби дүниені талдауға да «өз ісінің шеберлері» керек-ақ.

Дидар Амантай:

– Жанр ретінде роман үлкен филосо­фия­лық трактаттармен қатар тұр. Уақиға масштабы – кең, желісі – ұзақ, көлемі – ұлы. Сюжетінің фабуласы күрделі. Өзі де шы­тырман. Әсем сөзге құрылғаны да жетеді.

XX ғасырда сәнді, нәшті ағымдар көп болды. Қалай сермесең де қалам көтереді. Бірі тігінен жазды, сюжеттік желі ба­ғы­тын айтып отырмыз, бірі мәтінді көл­де­нең салды, бірі, тіпті құрылысын (құ­рылымын) композициялық байланысын өзгертіп жіберді, жаңа әдіс-тәсіл қолданды. Әдебиетке – жазу мәнері, архитектураға темір келді. Екеуі де жаңа түр, жаңа пішін қалыптастырды.

XX ғасыр – модернизм ғасыры. Ақыл-ой пафосы билік құрды, бұрынғы эсте­тикалық талғам өзгерді. Жанр – кө­лем: сөз, сөйлем көлемі, персонаждар көлемі. Барлық жанрды қамтитын жанр – хикаят.

Повесть – басы артық жанр. Қысқа нұс­қасын әңгіме деп, ұзын түрін роман деп белгілейтін уақыт жетті. Роман жазу үшін ірі суреткерлік қабілет керек. Ірі суреткерлік дегеніміз байыптылық. Сабыр сақтап, жазу үдерісін соза білсең, еңбектің әр күнін өз жоспарың бойынша жұмсай алсаң... Роман шығады. Бұл жанрды құртатын нәрсе – асығыстық. Нәтижені көздеп, финалды аңсап, бас­тауынан шешіміне бірден қол созған қалам, композицияны бұзады.

Қуат Қиықбай:

– «Шағын романдар» деген қате ұғым. Кең тынысты көлемді болғаны үшін роман деп аталады. Шағын дү­ниені романға санау қателік. Повесті роман, романды повесть деу үшін әдеби білім мен ұят керек пе деймін кейде. Жазушының еркіне салсақ менің мына жазған екі бетім роман десе масқараның көкесі сонда болады. Бұл әдебиетші мен қаламгер үшін кешірілмейтін ағат іс. Мәселе көлемде емес айтар ойында, тынысында. «Екі сөйлемнен тұратын әңгіме шықты» деп алаулатып, жалау­­тып жөнелеміз. Осыны түсінбей дал боламын. Кез келген қаламгер осындай дүние жазатын болса онда Қазақ елінің Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеті бүгінде белі қайысқан романдар мен роман жүгін көтерген повесть, хикаят­тар мен әңгімелерден көз ашпаған болар еді.

Флобер, Толстой көлемді романдар мен Хемингуэй, Тургенев қысқа романдар жазған сөз зергерлері деген түсінік бар. Алайда осыларды оқып шықсаңыз, қатар қойып салыстырсаңыз ара-жігін ажырату қиын емес. «Көлемді» және «шағын» деген жай ғана атау болып шығады. Тынысы кең, оқиғасы ауқымды. Сондықтан көптеп ойланып, әлдеқандай шығармаға «роман» деп ат қою үшін көп ізденген дұрыс. Біз көлемін есептейтін болсақ, жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің қамбасын байытып, жоғын толтырған романдар «шағын роман» ғана болып қалмақ. Шолақ, шолтиған барынша келте, қысқа қайырылған роман бола ма, өзі? Әлбетте, жоқ. Бұны қаламгер «айғайлатып» бас­па­ға береді, баспадағылар «мынау не?» деп үңіліп, үздікпестен «шулатып» басып кеп жібереді. Кейінгі толқын болсын, алдыңғы буын болсын мини романдар қаптап алды. Оқысаңыз повестің деңгейінде ғана. Осыған «роман» деп ат қойған не деген өзімшілдік пен амбиция өзі таң қалмасқа шараң жоқ.

Өйткені роман жанрының көтерер жүгі мен салмағы сақталғанда ғана ро­ман ғой. Кейіпкер бейнесі жан-жақ­ты толық ашылмаған дүниені роман деп атау әбестік. Роман – Ахмет Байтұр­сы­нов­тың сөзінше бар-жоғы ұлы әңгіме. Әр роман бір тағдыр десек адам баласының өмі­рі – ұзақ әңгіме яки роман. Бұл солай екен деп көп нәрсені жаза беруге болмайды. Романға татитын өмір бар, өз өмі­рін романға айналдыра алатын жазу­шы бар. Бастысы осы.

Анар Қабдуллина:

– Шағын романды 90-шы жылдарда Дидар Амантай жазып еді. Жазушының «Гүлдер мен кітаптар» романын сол кезеңнің ерекшелігін, т.б. прозадан көрінуі тиіс терең маңызды иірімдерді ашып бергені үшін жоғары бағалаймын. Уақыт өткен сайын құны арта беретін романның бірі.

Көркем шығарманың жанрын кімдер айқындайды десеңіз, біздің нарықтық жүйеде жеке кәсіп ретінде жұмыс іс­тей­тін баспалар мен (бізде әлі ашылмай жатқан) әдеби агенттіктер – жақсы кітапты оқырманға жеткізетін негізгі механизмдер болып табылады. Әдеби продюсер, редактор, сыншы, т.б. жақсы кітап шығарып, таратқысы келетін әр баспада, әр әдеби агенттікте жұмыс іс­те­уі керек. Кітапқа рецензия жазу, на­сихаттау да осы мекемелерден бас­тау алуы – кітап нарығы саласының ерекшелігі. Әрине, жақсы дүниелер газет-журнал, сайттарда да жарияланады. Алайда жүйелі, сапалы жұмыс жасау – көп нәрсенің өзіндік орнын, функциясын айқындап берер еді.

Ділдәр МамырбаевА:

– Көркем шығарманың жанрын кім анықтаушы еді, әдебиеттің теориясын жасаушылар шығар деп ойлаймын.

Гете «Фаустың» идеясын сұраған­дар­ға:

– Мына қараңдаршы, бәрі ентелей кеп, жабыла сұрайды, - «Фауста» қандай идея жинақтамақ болдың деседі. Соны мен бір ап-анық біліп, ап-анық айтып беретін кісідей көреді ғой деймін... – деп ашуланыпты.

«Тассоның» идеясын айтып беруді сұраған Эккерманға Гете:

– Немене идея? – деп таң қалыпты, – оны қайдан білемін? Менің көз алдымда Тассоның өмірі ғана жайылып жатты, көрдім де жаздым. Болды, – депті.

Сол секілді бүкіл болмыс бітімін, көңіл күйін, қабақ кірбіңін, көкірегіндегі от сезімін айқара ашып, жазып отырғанда авторға романның, не повестің ережесіне салайын деген ой келмейтін шығар. Қоғамдық құбылыстарды дәл бейнелеп, қабілет-қауқары әр деңгейдегі жеке адамдардың күллі тірлігін бар бе­де­рі­мен, бар қайшылығымен жеткізе білсе, бұл роман емес, повесть қой деп кері итере салмайтын шығармыз. Оның қай жанрда болғаны емес – шығарма кілтінің табылуында шығар гәп..

Лев Толстой: «Орыс әдебиеті менен кейін демалады» деген екен, мүмкін роман жанры біраз уақытқа дамылдап жатқан шығар.

Біздің дәуірдің бейнесін болашақ романдардан күтеміз

– Ұлттық, азаматтық ұстаным неге біздің шығармамызға түпқазық бола алмай тұр?

Қуат Қиықбай:

– Мұны тап басып айту қиын. Өзі­міз­дің жеке пайым-пікірімізге салсақ былай. Білсек бәлкім, жағымсыз кейіпкер емес, жағымды һәм «өтімді» кейіпкер образын сомдап шыға алар ма едік. Бұрынғы Кеңес Одағындағы кейіпкерлер образы идеологияға сай жазылатын. Сосын жабылып сол кейіпкерді, сол адамды мақтап, насихаттап ала жөнелетін. Бізде ше? Нақты идеология жоқ болған соң. Балаңа кім бол дейсің, өзіңнен кейінгіні кім болуға үндейсің осы жағы жұмбақ. «Идеология мен әдебиет қабыспайды, әдебиеттің не қатысы бар оған» дерсіз. Жоқ болған соң біздің қаламгерлер жа­ла­қысын пәтерақыға төлеп, әрең кү­нел­тіп жүр. Енді осындай адамда ұлт­тық, азаматтық көзқарас бола ма?

Абайша толғасақ: «Жалт бергіш...» адамнан иә әдебиетшіден ұлттық болма­са азаматтық ұстаным күтудің өзі бе­кер, сандырақ. Не көрсең, ненің азабын тартсаң соны жазасың. Бәлкім, жа­ғым­паз­дықты, жемқорлықты жеңген адам не­месе жазушы ғана жаза алар. Ал қал­ғаны бекершілік. Өзінің ұлттық кей­пі, азаматтық ұстанымы болмаған соң жаз­­ғаны да жасанды болмақ. Ұстаным­дар­дан айырылып қалған соң ұстын боларлық ұстанымдарды үлгі етіп жаза алмай жүрміз.

Дидар Амантай:

– Жазуға – ақыл, шыдамға – қайрат. Кең тынысты тақырып қана роман бола алады. Өмір сүріп отырған заман өткен соң барып қана образға айналады. Сондықтан біздің дәуірдің бейнесін бола­шақ романдардан күтеміз.

Анар Қабдуллина:

– Ұлттық, азаматтық ұс­таным кез келген шығармаға түпқазық бо­ла алады, бірақ ол жазушылық ше­бер­лікке байланысты. Жазушы тар шеңберде беруі мүмкін, ол кезде таптауырын болған

ұраншылдық сияқты қа­былдануы мүмкін, ал біздің қоғам бұдан жалыққан. Әдеби шығарма образ­ды­лықты, тұспалды, астарды жақсы көреді. Ол «жұта сал» деп, ауызға шайнап беретін нәрсе емес. Көп мағына бе­ре­тін, сан қатпарлы шығармалар бар. Олар ойлануға жетелейді. Бұдан тө­мен шығарма болса, ойлы оқырман қа­былдамайды. Жалпы, оқырман аудиториясы әртүрлі болады. Ұсынылатын дү­ние­нің әралуан болғаны жақсы. Талғамға талас жоқ.

Қуандық Түменбай:

– «Нағыз талант кешегі күнді де емес, болашақты да емес, бүгінгі күнді жазады» деген ұлы Пушкиннің сөзі ойға оралады. Азаматтық ұстанымды жазу үшін адам факторы алға шығу керек емес пе? Біздің бүгінгі замандастарымыз - зейнетақысы мен әлеуметтік көмегін ала алмай жүрген шал-кемпір, өрттен күйіп, жарылыстан жарымжан болған өрімдей жастар, оған беті жаман індет қосылды. Қазіргі прозаның тақырыбы да осы. Онсыз да «запаста қалған» (Олжас Сүлейменовтің сөзі) қаламгерлер де солардың бел ортасында жүр. Қарасөзге ғана сенген оларда зәре жоқ, ал азаматтық ұстаным қайдан болсын? Олардың бүйірін түртіп қалсаң «Өрт», «Індет», «Снаряд» деген тақырып бүлк ете қалады. Сондықтан күтейік. Тө­зім­ділік ата-бабамыздан қалған асыл қа­сиет.

Ділдәр Мамырбаева:

– Өзім оқыған кітаптардың авторлары адамдық, жазушылық парызды өтеудің түпқазығы – ұлттық, азаматтық ұстаным деп отырған жанкештілер. Ел тарихын, салт-дәстүрді келесі ұрпаққа жеткізуші ұстаз­дар.

Жаңалықтың бәрі – инновация емес. Сондықтан ақпараттық нөпірден әде­биет­ті де қорғауымыз керек. Тіптен жал­ған, бейәдеп ережесіз, шектеусіз ойды әдебиет ауылына жібермейтін күзет қою керек шығар. Себебі ертеңгі ұрпақтың туған еліне, ана тіліне, дархан даласы мен өскен жеріне деген махаббатын қалыптастыратын – жазушылар.

Роман жазу үшін бап керек

– Егер сіз болашақта роман жаз­са­ңыз қай тақырыпта жазар едіңіз?

Қуандық Түменбай:

– Алпыстың алтауына келдім, жалғыз роман жазыппын. Он жыл уақытымды сарп еттім. Әуелі «Сотталған домбы­ра» деген әңгіме, кейін «Қанаты күй­ген қызғыш құс» атты деректі хикаят соңы «Бекеттегі бейкүнәлар» де­ген ро­манға ұласты. Тақырыбым – тәуел­­сіздік, қазақтан шыққан тұңғыш дис­сидент тағдыры, азаттық аңсаған ха­лық­тың мұңы. Жазуын жазғанмен жарыққа шығару оңай болмады. «Жұл­дыз­да» журналдық варианты жарияланып, тәуелсіздік туралы шығармам тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрді. Ал болашақта роман жазу жоспарымда жоқ, әңгіме мен хикаят оң жамбасыма келетін сияқты. Шеберлігің жетсе шағын жанрмен-ақ өмірді шыр айналдыруға болады. Қалам мен қағаздың обалына қалмауымыз керек. Сөз өнері сұға­нақ­­тық­ты сүймейді. Тәуелсіз күндер – жа­ны­­ма ең жақын тақырып.

Ділдәр Мамырбаева:

– Балалар тақырыбына жазатын шы­ғар­мын.

Қуат ҚИЫҚБАЙ:

– Роман жазу үшін бірінші кезекте ең алдымен бап керек. Анда басын, мында аяғын жаза салатын күлді-бадам әңгіме болмағандықтан ойлауды және ойлануды, жүйелеуді, шиеленісу мен шешімін шешіп беретін талабы болғандықтан үлкен панорамалы дүние шығару үшін көп тер төгу керек. Сосын бұны мектеп қабырғасындағы оқушы да білетіндей етіп жоспары құрылса жазып шығу анау айтарлықтай қиын емес. Бабың келіссе жазу қиынға соқпас.

Ал енді тақырыбы мен көтеретін мәселесі дегенге айтарым біздің қоғамда ондай тақырыптар жетерлік. Бастысы, кейіпкер образын сомдауды прототипті жіті қадағалап, зерттеп алған жөн.

Жемқорлық, парақорлық, жала­қор­лық біздің қоғамның дерті, оның артын­да діни фанатиктерді де, галстугіне қыл­қын­ған саяси фигураларды да көруге болады... Жазсам осыны шиырлағым келеді. Жолын тауып, жөнін білген кейіпкерді, жемқорлықты жеңген, білім мен ғылымға сенген кейіпкерді жазсам жақсы дүние шығар деп сенемін. Және өз балама, ініме, өзімнен кейінгілерге на­си­хаттай алатын кейіпкер образы болса ой­ланып, жазатын дүние көп-ау... Ба­бы­мыз келіспей жүрген шығар бәлкім, кім білсін.

Анар Қабдуллина:

– Қазір ең өзекті тақырып: пандемия, ви­рус, т.б. Күллі адамзат еркіндікті шектеу дегеннің не екенін түсінді. Ше­кара кенет жабылып, жат елдерде қа­лып қой­ған­дар бар. Голливуд кинола­рында көп көрсететін «апокалипсис» келіп, сонда өмір сүріп жатқандаймыз. Ви­рус­тан өліп жатқандар, індетке дайын­дықсыз дөп келгеніміз және бар. Осы­ның бәрін өз басынан өткізген талай жазушы толғаныс үстінде шығар деп ойлаймын. Ал мен жазсам, тарихи роман жазар едім, оған Шыңғыс хан дәуірінен ертерек кезеңдер жақсы локация бола алады.



Тегтер:
Авторы: Дүйсенәлі Әлімақын, "egemen.kz"

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

160

ақпарат

Туризмді қазақша сөйлетті

257

ақпарат

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жүлдегерлері анықталды

293

ақпарат

1 млн теңге кімге бұйырады?