Қазقاز        
Бізге хат жазыңыз
Бізге хат жазу

Байланыс

Мекенжайы:
Астана қаласы, Сауран көшесі, 7А
Телефон:
+7(717-2) 40-83-67

+7(717-2) 40-83-93
E-mail:
info@tilqazyna.kz

tilalemi.kz@gmail.com
Кіру 
Кіру тіркелу

Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Классика қалай жазылады?

26.1.2022 345

Жазушының басты тақырыбы – адам һәм адамның жаны. Әдебиеттің «әділетсіз» заңдылығы да сол: шығарманың бағы кейіпкердің көркем жазудағы бейнесі мен болмысына, ішкі жан дүниесінің суреттелуіне, мінезіне, шынайылығына байланысты. Әр қаламгердің жазушылық қуаты кейіпкерінен білінеді. Яғни шығармадағы образ – кейбір автордың осал тұсы болса, кейбірінің талантын дәлелдейтін өлшем сынды. Сол үшін де жазушы қауым әрқашан шығармашылық ізденісте жүреді: қым-қуыт тіршілікте кейіпкер іздейді. Ал көп жағдайда кез келген қаламгердің кейіпкерінде өзінің өмірі бейнеленетіні екібастан. Әлқисса.

Әлем әдебиетінде жазушының биографиясы, шығармашылық лабораториясы, ғадеттері мен оғаш мінездеріне дейін жан-жақты зерттеледі. Оның ішінде кейіп­керлерінің әдеби прототиптері де бар. Жалпы, әдеби прототип қалай таңда­лады? Өмірдегі адамның көркем шығар­мадағы образы қалай жасалады? Ол кейіпкер автордың ойына қайдан келді? Бұл – жазушының шығармашылық құпиясы, бәлки шындығы.

Әрине, көркемдіктің негізгі шарты бойынша, кез келген кейіпкер өз прототипінен биік болуы керек-ті.


Машатта қалған махаббат

Сіз Машатта болдыңыз ба? Бәлки, бір жазда жол түсіп, демалған шығарсыз... Иә, ілкіде біреу болмаса, Машатты әр­кім біле бермейді. Ал Мархабат Бай­ғұттың оқырмандарына ол мекен көз­бен көрмесе де жақсы таныс. Ондағы оқыс оқиғалар, лирикалық шегіністер, «біртүрлі» сезімдер мен сырлы кездесулер оқушыны еріксіз ынтықтыра түседі. Иә, Машатта махаббат қалған.

Мархабат Байғұттың 90-жылдары жарық көрген «Қорғансыз жүрек» атты жинағы әдеби ортада резонанс тудыр­ғанын көзкөргендер аңыз қылып әлі айтады. Әсіресе «Машаттағы махаббат» повесі сол жылдары көп оқылып, елге жайылды.

Ақиқатында, көркем шығарманың негізгі миссиясы оқырманды тәрбиелеу болмаса керек-ті. Яғни әдебиет – мораль полициясы емес. Ересек адамдардың «жол ортасында» жолығып, сұрапыл сезім кешкені суреттелетін бұл повестің оқырман арасында талқыға түсуінің себебі де осында. Санжар мен Саяның Ма­шаттағы махаббаты бір оқушыға сезімнің дүлей күш екенін дәлелдесе, енді бі­реу мезетте тұтанған сезім-отқа көп сын айтып жатты. Жалпы, сезімге сот бар ма?

Автор мәңгілік тақырыпты қозғаған осы шығармасында күнделікті тіршілікте тосыннан тап болатын сезімдер мен адамдардың ұмытылмас сәттер үшін өмір сүретінін һәм кез келген жанның бір ережемен, шеңберден шықпай ғұмыр кеше алмайтынын баяндайды. Мейлі, ол кейіпкер қателесіп, жаза бассын, мейлі, жалпыадамзаттық құндылықтарды аттап өтсін, ең бастысы – оның шынайы болмысы. Шығарманың жаны да сол шынайылығында емес пе?

Повесті оқып отырып, «біз осы та­биғатқа қаншалықты жақынбыз?» деген ой келеді. Бүгінгі күні кеңсе адамына айналған әрбіріміздің бойымызда табиғатқа тән еркіндік, іңкәрлік қалды ма? Санжар мен Саяның Машаттағы күндері, әсіресе қаладағы қоғамның таби­ғаттан алыстап бара жатқанын түйсін­діреді. Даланың сұлулығын көре білуге, сол сәттен бақытты сезінуге һәм өмірге құштар болуға шақырады.

Ал жазушы Санжар мен Саяның қас қағым сәттегі махаббатына ұзақ өмір сыйлай білді. Нәтижесінде, ғашық жандардың бірі пойыздың ішінде, бірі сыртында қол бұлғап қала берді. Өмірдің шындығы сол.

Содан кейін бас кейіпкер Саяны қайта көрмеді. Жолдары түйіспеді. Бірге өткізген кездер жып-жылы естелік болып сағым жылдардың еншісінде кетті. Машатта... Тек естелік... Сол Машатта...

Повестің сезім динамикасына, оқиға желісіне қарасақ, әдеби прототиптері болуы әбден мүмкін. Сая образының бояу­ы қанық шыққаны соншалық – дәл өмірде бар адамдай әсер етті. Шығармашылық құпиясын білмекке автордың өзінен сұрап көрдік.

«Машаттағы махаббат» повесінің кейіпкері Сая – сол күйінде алынған бейне. Аз ғана көркемдеулер қосылған. Қазақтың қарапайым әрі батыл да, сезім­тал қызы. Орал қаласының маңайындағы ауданда туып-өскен. Алматыдағы ҚызПИ-ге үш мәрте түсе алмай, сол инс­титут маңындағы кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, ірі фабрикадағы үлкен цехты басқарған. Шын аты-жөні – Сағида Жұмағұлова. Маған, яғни Санжарға «Манкент» шипажайында кездескен кейіпкер ғой. Ал повестегі Ғалымгүл – курстасымыз Фәзиға Әшеева. Сол шипажайда демалған. Айгүл – Айымбала. Талдықорғаннан. Мүстән кемпір Шымкент төңірегінен. Ләскер – жерлес Алматыдан» деп прототиптерін айшықтап берген Мархабат Байғұт повестің өмірдегі жалғасын баяндады.

«Саяның прототипіне «Машаттағы махаббат» повесі енген «Қорғансыз жү­рек» атты кітабымды апарып бермекке Алматыға бардым. Өзі Орал жаққа кеткен екен, сіңлісіне тапсырдым. Сая – Сағида бір-екі жылдай хабарласып тұрды да, кейін адастырып кетті. 1993 жылы: «Тереңдей бермейік, ағатай. Сізге де, маған да қиын боп кетер», деп соңғы сөзін айтты», деді жазушы.

Шығармадағы сюжеттердің шынайы шығуына көп жағдайда осы тектес оқи­ғалар әсер етіп жатады. Қалай десек те, әдебиеттің негізгі мәселесі прототип емес, көркемдік деңгейі екенінде дау жоқ.


Болмысы бөлек Боранбай-барон

Нұрғали Ораздың алғашқы әңгімесі «Жалғыз түп долана» оқырманның есін­де болар. Автордың айтуынша, шығар­ма­ның прототипі – түп нағашысы Тәліп атасы екен.

«Біз жетінші не сегізінші сыныпта оқып жүргенде атамның жалғыз қызы Өлмес әпкемнің ұзату тойы өтті. Бүкіл ауыл жиылып, әпкемнің құрбылары сың­су айтып, улап-шулап шығарып салдық. Жұрт тарқады. Сол кезде атам есік алдында жататын бір дөңкенің үстінде бүк­шиіп отырып қалды. Қарасам, көзі­нен тарам-тарам жас ағып, үн-түнсіз егіліп отыр екен...

Міне, осы бір көрініс менің көз алдым­нан кетпей қойды. Атамның неге жы­лағанын мен өзімше топшылап: «Сусар апам екеуі Өлмес әпкемді бақты-қақты, қызғалдақтай аялап өсірді. Ал ол болса енді, бөтен үйдің отын жа­ғып, қазанын жуып, тамағын пісіріп беру үшін кетіп барады» деп ойладым. Менің де көзіме жас келді, өзімнен өзім қыс­тығып жылап жібердім», дейді жазушы.

Расында, өмірдің заңдылығымен «Қыз – жат жұрттық» екенін ес білгеннен білетін атасы неге жылады? Шағын әңгі­медегі көңіл толқытатын ой да, сезім де осы. Ал ондағы басқа оқиғаның барлығы жазушы қиялынан туған.

Кейде «осы біз еркін өмір сүріп жүр­міз бе?» деп ойланасың. Сырттан қара­ғанда, әрине, айналадағы әр адам шама-шарқынша өз қалауымен ғұмыр кешіп жүргендей көрінеді. Дегенмен күйбең тіршіліктің ағысына түскен бәрі­мізді бір шектеулер шеңберден шығар­­­майды. Қалай десек те, бәрібір «бұйра шаш, ба­дырақ көз қара бала». Боранбай-барон­дай еркін өмір сүре алмайтын сияқтымыз.

Нұрғали Ораздың «Теріс ағаш» әңгіме­сінің кейіпкері Боранбай-барон­ның біртүрлі болмысы, далалық мінезі, басқаларда жоқ бір қызық қасиеттері бала кезден-ақ болашақтағы ұзақ са­парларға дайындағандай. Бала Бо­ран­бай мектеп кезінен оқу дегенді ұмы­тып, Қазығұрттағы жылқышыларға, Құмсайдағы қойшыларға, Шош­қабұ­лақтағы тауықшыларға кетіп қалып, «қып-қызыл қаңғыбас» болып шыға келді. Өсе келе «барон» атанып, сыған таборына қосылып, қиыр кезіп, кейін алыс Сібірге ағаш кесуге айдалды. Ол жақтан серілігін Сібірде қалдырып кеткендей можантопай, қарапайым Боранбай болып оралды. Уайым-қай­ғыға бас қатырып, үй-жайдың қамын ойлап, өмірін ұйымдастыруды білме­ген қаңғыбас Боранбай-барон жарық дүниеде елу тоғыз жыл жасады. Ауыр­май-сырқамай жүріп-ақ мәңгілік сапарға кете барды. Баронның соңында теріс ағашынан басқа із қалмапты. Ұрпақсыз өтті. Оның теріс ағашы да басқаларға қарағанда бас жағы жуандау, биік қара ағаш болды. «Сол қара ағаш қазір жапы­рақ жайған кезде тоғай жақтан келе жатқан Боранбай-баронның бұйра шашындай дөңгеленіп көрініп тұратын».

Кейіпкер Боранбай-баронның про­тотипі жөнінде Нұрғали Ораз былай деп сыр шерт­еді.

«Боранбай Барон – теріс ағаш» атты әңгімемдегі Боранбайдың прототипі де бала күнімнен таныс Әбекең. Аты-жөнін толық айтпай-ақ қояйын. Ұрпағы ренжіп қалар.

Біздің ауылда той-томалақ, әртүрлі жиындар өткенде құрдастары Әбекеңді ортаға алып: «Әй, бір әңгіме шертіп жібер­сеңші!» «Баяғы басыңнан өткен­дерді айтсаңшы!» деп күліп, қалжыңдап, қолқа салып жататын.

Ол кісінің өзгелерден бір ерекшелігі – жас кезінде қыдырма, қаңғыбас бол­ғандығы. Сондықтан да Әбекеңнің ба­сынан талай-талай қызық оқиғалар өткен.

Сонда мен: «Әбекеңнің өмірі басқа­лармен салыстырғанда әлдеқайда қызық. Мысалы, біздің ауылдың шалдары бірқалыпты, сүреңсіз тіршілік кешеді. Қыста малға қарайды, қора тазалайды. Көктемде шөп орады. Жаз бойы оны тасып, маялайды. Күзде жоңышқа баулайды. Тағы да қыс келеді... Ал Әбекең болса, соның бәріне қолын бір-ақ сілтеп, кең дүниені кезіп кетіпті. Міне, енді, басқаларға қарағанда оның көргені де, түйгені де көп» деп ойлайтынмын» деді жазушы.

Планетадағы шаңның тозаңындай ғана салмағы бар миллиардтаған адам­ның өмір жолдары да сан-қилы. Бәлки, Боранбай-барон сияқты болмысы бөлек, тым еркін жандар тағы бір мекенде өмір сүріп жатқан болар.


Атанның биігі

Өмірде қоғамнан, қалың көпшіліктен саяқ ғұмыр кешетін елеусіз адамдар болады. Бізге сол «кішкентай» адам­дар­дың өмірінде соншалық күрделі жағ­дайлар болмайтындай көрінеді. Алайда Жұмабай Шаштайұлының «Аспанқора» повесіндегі Атанның өмірі бұл ойымызды түбегейлі өзгертті.

«Жиырма екі жасында бір қолын оқ жұлып кеткелі бері іштегі қоңылтақсыған қуыстықтан арыла алмаған» Атанның көзі тірісінде көрмеген қиындығы жоқ. Заман салған сынақтардан әйтеуір тірі қалып, бар тіршілігі Аспанқораның бауырында өткен оның көзге көрінбейтін жүрек жаралары да аз емес. Атанның бастан кешкен тағдырының көрінісі сол біртоға болмысында тұрғандай.

Өмірдегі әрбір сәтсіздікті, әрбір әділет­сіздікті, тіпті жақыныңнан естіген әрбір сөздің салқынын Атан тек өзінен көреді. Басына түскен бақытсыздыққа өзін ғана кінәлайды. Ханымкүлдің күнә­сін де ең ақырында өзінен көреді.

«Әйел әйелдігін істемеуші ме еді? Анау Айдабол соғыста жүргенде қатыны жол-жөнекей бала тауып алмап па еді? Намыс, ұят менің не теңім? Көп болса сөз көбейіп, жүзім төмендер. Айдаболдан қай жерім артық менің» деген ойларға кеп, Атан онысын «әжептәуір тұғыр-таяныш көргенін» жазушы жасырмайды. Әрбір жеңілген адамның осындай ойға келетіні шындық емес пе?

Ал оқырман Атан мен Ханымкүлдің ажырасқанына кімді кінәларын білмейді. Атанды Аспанқораға апарып тыққан саяқ­тау мінезді ме, соғыс салған кем­тар­­лықты ма, малшылық өмірді ме, күйеуінің тіршілігіне көңілі толмайтын Ханымкүлді ме? Біз неге бұл не­кенің бұзылуынан трагедия жасаймыз? Адамзаттың бәрі де толстойлық мәнер­мен айтқанда, «өзінше бақытты, дәл сондай бақытсыз да» емес пе...

Ақиқатында, Атан өз өмірін қоғам­нан тым алыс жасады деп айта алмаймыз. Әйтпесе ол Ханымкүлмен ша­ңы­рақ көтерер ме еді? Атан да өз ке­ңіс­тігінде – Аспанқорада бақытты бол­ғысы келді. Алайда ел ортасына сый­маған Атан – Аспанқорасында да бақыт таппады.

Мопассанның «Өмір біз ойлағандай соншама жақсы да емес, жаман да емес» дейтін тұжырымы осы шығарманың негізгі шындығы сынды. Ал бізге адам өмірі үнемі ұлы оқиғалардан тұратындай көрінеді. Дегенмен Атанның хикаясы сол өмірдің күйреуі де үлкен себептерді талап етпейтінін түйсіндіреді. Сонау Аспанқора деген жерде Атан есімді біреу мал баққан екен. Екі рет үйленіпті. Әйелмен де, доспен де қарым-қатынасы оғаштау. Ақы­ры, түйеге фляга теңдеп, үйіне су тасып жүріп жан тапсырыпты. Жалғыз тұяғын да көзі тірісінде көре алмаған. Оның өлімін естігенде Сайлаубай: «Атан өліп­ті» депті. Ал «Қасымжомарттың қызыл шырайлы жүзі шоққа қарыла түскендей нарттанып, аппақ қолымен бетін сипады».

Шығармадағы кей сюжеттер автордың өткен шақтарда ерекше әсерленген сәттеріне құрылады. Жүрегіңді жұлып түсірер кей оқиғалар қанша уақыт өтсе де ұмытылмай, болашақ қаламгердің ойының бір түкпірінде жүреді. Жұмабай Шаштайұлы «Аспанқора» повесіне негіз болған Атанның прототипін бала кезінде жолықтырған.

«Бала кезімде қой бағатын үлкен ағама көмекке барғанмын. Соғыста бір қолы­нан айырылған, қабағы оңайшы­лықпен ашылмайтын өңі сұп-сұр кісі қоныстас. Көп жылдар бойы перзентсіз өмір кешкен отбасы інісінің қызын асырап алған соң әйелі бала көтерсе керек. Үлкен қуанышқа кенелсе де, сол қойшының сабырлы ұстамы адам­ды таңырқатпай қоймайтын. Ал әйелі өте жайдары. Қазір жігіттермен Ас­панқораның маңына барсақ, «сіздің Аспанқораңыз өте биік емес қой», дейді. Негізі, Аспанқора биік. Таудың өзіне шығу өте қиын. Етегінде тұрсаң, таудың биіктігі білінбейді ғой. Атпен шықсаң, тіпті қиын. Ат болдырып қалады. Сон­да шыңыраудағы бұлақтан су алып ішеміз. Аға-жеңгем жұмсаған соң әлгі қой­шымен ілесіп шыңырауға суға бардым. Бір уақытта сіркіреп жауын жауып кетті. Жалғызаяқ жол еді. Қайтарда ана кісі өзі жалғыз күрекпен жолды ашып шықты. Сонда шамамен, аз дегенде бір шақырым жер. Онда баламын – менен ешқандай көмек болған жоқ. Оның жалғыз қолымен терге малшынып, қиналғанын көзім көрді. Бірақ ол шығармадағы Атанның жағдайына ұшыраған жоқ, әрине. Бұл көрініс көпке дейін ойымнан кетпей қойды. Жиырма бес жасымнан әріқарай осы тақырыпты қаузай бастадым. Екі-үш рет қайта жаздым», дейді жазушы.

Сондай-ақ автордың «Жала мен нала» повесінің прототипі – әдебиетші Рафат Әбдіғұловтың әкесі екені белгілі. Повесть кейіпкері жас мұғалім Райыс өзі оқыған мектеп қабырғасына қайта оралады да, бала кезінде Досаевтан естіген – әкесі немістерге сатылып кеткендігі туралы айыпты еске алып қиналады. Мұндағы басты түйін – «мәңгілік» та­қырыптардың бірі – жала мен наланың қатар өрбуі арқылы тарқатылады.

Жазушы Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романының бас кейіпкері Хақназардың прототипі оқырманды ерекше қызық­тыра­ды. Автордың айтуынша, Хақназар – жиын­тық образ. Өмірде болмаған кейіпкер.

«Бірақ романдағы кейбір эпизод белгілі бір кісілердің басынан өткен дү­ниелер екені рас. Мәселен, Хақназардың түр­меден этапқа бара жатқан сәті, этап пойызындағы ауыр жағдайлар – жел­тоқсан оқиғасына қатысқан азамат, кейін журналист болды, марқұм Құттыбек Аймаханның басынан өткен оқиғалар. Лагерьдегі жағдаяттың біразы – бір туыс ағамның айтқан әңгімелері. Ал қалада пәтер іздеген, пәтер жалдаған оқи­ғалар желісі – өзімнің басымнан кешкен сәттер. Қалғанының көбісі – ойдан шығарылған сюжет.

Ал «Абылай» әңгімесіндегі Абы­лайдың прототипі – өмірде болған, әлі де бар, Абылай атты зағип жігіт. Қазір массаж маманы болып жүр деп естідім, бірақ өзін, отыз жылдан асты, әлі көрмедім. Сол Абылайдың қалай зағип болып қалған оқиғасы – осы әңгіменің негізгі арқауы болды. Әрине, көркем шығарма болған соң ойдан қосылған эпизодтар да бар. Мәселен, әңгіменің прологы – ойдан шығарылған сюжет. Өмірдегі Абылай да Көкшетау өңірінен, өмірдегі Абылай да соқырлар қоғамындағы үйде тұрған», дейді жазушы.

P.S. Авторлардың шығармашылық лабораториясынан бөліскен бұл әңгімелер өмірдің өзін жазуға айналдырудың тірі мысалындай. Біз, оқырман, тек клас­си­калық шығарма оқығымыз келеді. Алайда классика қалай жазылады? Оның кейіпкерлері мен оқиғалары қалай туады? Жазушы ол сюжетті шығармада қа­лай суреттейді? Осы уақытқа дейін жақсы жазу қалам ұстағанның бәріне бұйырмайтынын һәм жақсы жазғанның бәрі ғасырларға жетпейтінін уақыт дәлелдеді. Сондықтан жазу дегеніңіз де бір «тәтті тамұқтан» туған мехнатты жұмыс. Ал ондағы кейіпкерлердің ішкі дүниесі, жаны, мінезінің суреттелуі, шығарманың динамикасы – жазушының көркемдік қуатына байланысты, әрине. Өмірде жолыққан кейіпкер, әсер еткен оқиғаның көркем әңгімеге айналуы да автордың жазушылық қабілетінен болса керек-ті.

Тегтер:
Авторы: Маржан Әбіш, "egemen.kz"

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

307

ақпарат

ҰЛТ ҰСТАЗЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

275

ақпарат

«-ОВ» ТУРАЛЫ

272

ақпарат

РЕФОРМА МЕН РЕВОЛЮЦИЯНЫ ШАТАСТЫРМАЙЫҚ!