Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Мәтіннің мәні болмаса, әуеннің сәнінен не пайда?

09.08.2016 2747
Халық сүйіп тыңдайтын дара әншілер де сұрыпсыз сөз бен өлшеусіз әндерді репертуарына қосып, «хитке» айналдыруға тырысып, біршама бағындырған белестерінен кері қайтып, аяңдап қалып жатқандары жиі ұшырасады. Бірақ бірлі-жарым адам ғана тырнақ астынан кір іздеп, мінін көріп қалмаса, жанкүйерлері мән бермей, қарапайым халық сынын көрмей, елемей де кетеді. Дегенмен мақсатымыз – аққа қаралап күйе жағу емес, дұрыс еместі ұғындыру.

Тыңдарманның талғамы жоғалды ма әлде әншінің әні өзгерді ме? Бәлкім, екеуінің де әсері бар шығар?! Бұл күнде сапалы ән емес, сапасы болмаса да, жын ұрып билеуге, жұлқынып сөйлеуге, қылқынып айқайлап, ақыр соңы күйреуге әкелетін әндерді «Неткен керемет!»-деп тыңдап жүргеніміз рас. Кейде тіпті жаттап алып, жан-жағымызға жар салып, айқайдың көкесін танытып, әуелетіп кетеміз. Ал сол әніміздің сөзі мен өзіне келер болсақ, титімдей мән-мағынасын тауып, таразылап, тарқата алмаймыз. Әйтеуір, ыңылдатып айтқанымызға мәз боламыз. Осыдан қандай салғырт, бейқам халық екенімізді айтпай-ақ ұғуға болады. Кез келген сапасыз әндердің сән-салтанатын тоқтатып, құрылымдық мән-мағынасын айқындап, сұрықсыз сөздерді айшықтасақ, сапасы сын көтере алмайтын әндердің шықпақ түгілі, «хит» болуына жол бермес едік. Қарабайыр сөздерді әспеттеп, ән жаздым деп, дарақыланып дарын болып жүргендерді көргенде еріксіз мысқыл аралас күлкі келеді-ау. Күлгеннен не пайда? Шешілетін іс жоқ, жойылатын жосықсыз ән жоқ. Керісінше, күннен-күнге гүлденіп, той-тобырдың төрінен орын алып, қанатын кеңге жайып, тек Қазақстанда емес, көршілес көкелеріміздің де көгінде қалықтауға шыққандары да бар. Әрине, өзге мемлекетте қазақтың әні әуелеп, сұранысқа ие болып жатса қуанамыз. Бірақ қандай ән? Ұялтып, артынан қызартып, баршамызды бозартатын ән болса, сыртқа шыққанынан неғайбыл. Олар да біз секілді күлмей ме? Күліп қана қоймас, қазақ ұлтының атына кір келтірері сөзсіз. Сондықтан сөз ермес үшін, кір келмес үшін сайқымазақтың әнін шығармай, халық қалауы мен талғамына дөп келетін, тың дүниелерді даралауға талпынғанымыз жөн болар.

Құр сөзбен құрым өрмей, мысалмен дәлелдеп көрейін. Мария Магдалинасыз қазір бір күніміз өтпейтін болды. Көлікке отыра қалсаңыз, «чип-чип-чип» деп шиқылдап миыңды жеп, оның қасына «охо-хоу мен ахалатып» көндіріп қояды. Одан талайдың арманы болған Мариясы кім? Шоқынған кәпірдің хас сұлуының қазаққа не керегі бар?! Желігіп, аудармамен халықты алдағанша, отандық сазгерлердің еңбегін қолдаңыз. Жұртты жарылқағанша, өзіміздің сұлуларымызды түгендеп алайық. Ал енді, әнді басынан-аяқ тыңдасаңыз, Мария сұлуды ұмытып кетесіз. Тек «охо-хоу мен чип-чипті» естисіз. Жарайды, «Охоуын» айтпай-ақ аттап кетейік, бірақ «чиптен» қалайша айналып өтеміз? Шынымды айтсам, тек шақыру одағайы болмаса, сол сөзбен түбірлес сөз таба алмадым. Бала кезімізде балапандарды осылайша шақырушы едік. Сонда әннің мәні тойда болса, мағына әркімнің өз ойында (өздерінше ойлап пішеді) болса, балапан қайда? Бұдан не аңғаруымызға болады?…

Әннің орындаушысы өзінің ұлтын, өзін де құрметтемейтіні хақ. Халқын ардақ тұтып, аялайтын адам ешқашан мұндай жауапсыздықтан туған шала-пұла дүниені насихаттап, дәріптемес еді. Бастысы шулап болса да, барлығы тулап қалса да атым шықсын деген эгоистік психологиямен қарабасын ойлаған әнші өзінің ғана емес, әрбір қазақ ұлтының талғамын төмен деңгейге түсіріп отыр.

Халық сүйіп тыңдайтын дара әншілер де сұрыпсыз сөз бен өлшеусіз әндерді репертуарына қосып, «хитке» айналдыруға тырысып, біршама бағындырған белестерінен кері қайтып, аяңдап қалып жатқандары жиі ұшырасады. Бірақ бірлі-жарым адам ғана тырнақ астынан кір іздеп, мінін көріп қалмаса, жанкүйерлері мән бермей, қарапайым халық сынын көрмей, елемей де кетеді. Дегенмен мақсатымыз – аққа қаралап күйе жағу емес, дұрыс еместі ұғындыру.

Қазақта қыздар ер жігіттің бетінен алып, берекесін қашырмаған. Ал осы күні қыздар мен жігіттерді екі жаққа шығарып, айтыстырып, тартыстырып, үстелдің үстіне мінгізіп, төбелестің үлгісін бейнелейтін бейнебаян мен әнді тыңдағанда, жағаңызды қалай ұстағаныңызды байқамай да қаласыз. Өзіміз еліктегіш, бақталас халықпыз, мұны көрген кіші буын өкілдері не істемейді? Асып түсемін, қайталанбауы керек деп, әлгілер үстелге мінсе, мыналар төбемізге шығып билейтін шығар. Оны қойыңыз, «Қуланып алдайсыңдар» деп, қыздың ерке-биязылығын «қу» сөзімен алмастырып, сұмпайы сұрқияға теңейді. «Қос бұрым сол қайда?» деген тіркесі ақылға қонымды, бірақ «Ойланшы жітігім, осынау бір тұста, шашы ұзын қыздардың ақылы дер қысқа заман» деген өлең жолдарына не дерімді тіпті білмеймін. Бәріміз, жаппай, ақылымыз қысқарар деп, қос бұрымды шұнтитуға шығайық. Басқаша ұғудың жөні жоқ сияқты. «Сенген серкем сен болсаң, ақылыңа болайын» дегеннен басқа алып-қосарымыз жоқ.

Абай атамыз кезінде-ақ айтқан «Әннің де естісі бар, есері бар» деген фәлсапалық ойын артынан ерген ұрпағы осылай надандыққа бой ұрған шағында есіне алып, айтып жүрсін деп қалдырған шығар. Ал тағы:

Құлақтан кіріп, бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй,- дейді. Әнді Абайша сүйгіміз келеді, бірақ сүймек түгілі сүйеуге жарамайтын әндерді қалайша бойыңа дарытпақсың?! Қазіргі әндердің қайырмасы қайсысы, шумағы қайсысы екенін айыра алмайсыз. Бір сөзбен қайырманы қайырып тастайтын әндерге де етіміз үйренген. «Жүрегім, жаралама, жаралама, жаралама, жалынам. Сүйемін сені ғана, сені ғана, сені ғана сағынам». Бір сөзді жүз рет қайталап, құлақтың тесері болатыны анық.

Әннің негізгі өзегі – мәтіні. Мәтін тартымды, шынайы, сапалы болса, он күндік «хит» емес, мың жылдық «гиперхит» болары сөзсіз. Нұрғисадай даралардың, Шәмшідей ағалардың әндерінен-ақ дарынның ұмытылмас иісін сезіп, тамсанарымыз хақ. Бүгінде осы кісілердің ізін жалғаушы талантты сазгерлер де аз емес. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін әншісымақтар тек «аранжировкасы» жақсы болса болды деп, тіптім, кейбіреулері әннің сөзі мен әуенін де өзі жазған соң не сұрайсыз? Нендей жауап күтеміз? Несіне ренжиміз? Бәлкім, «шоу бизнес» емес, «той бизнестің» жанданып тұрғанынан болар. Нәпақасын тойдан тапқаннан кейін, тойға арналған әндерін тарту етеді. Ал әндерінің сапасы сол ортаның көлеңкесінде қалып қойып жатыр. Сондықтан тек қана тойды ойламай, сапаны бойлап, өсу жолында әрекет жасағанымыз дұрыс-ақ.

Астың жарамсыздығын сасып не ашып кеткенінен байқап, лақтырып тастап жатамыз. Сол секілді мәтіннің мәнсіздігін дереу зерттеп, тізімнен шығарып, саз өнеріне өрістетпесек, бармақ тістеп, өзегіміз дәл бүгінгідей өртенбес еді…


Тегтер: әуен,сөз,тіл,Халық

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

1718

ақпарат

Атауларға абай болайық

1707

ақпарат

Екібаста бір тіл

1719

ақпарат

Қазақ тілінде оқымаса, не үшін мектеп салдық?!