Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Ұлттық руханиятымыздың өзегі – тіл

12.6.2017 2149
Жұмыс бабымен бас ордамыз Астанаға жолға жиналдым. Жолды қысқарту үшін, жаныңдағы купелесің жақсы болса деп тілейсің ғой. Менің де ішкі қалауым осы болды. Поездан қалып қоймайын деп ентелеп, жұртпен жағаласып, орныма да жайғасып алдым. Купеде әдеміше келген, қара торы, жайдары жас қыз бар екен. Жүгімді жайғастырып жатқанда, көршілес қыз елпілдеп көмектесіп жатыр. Ішімнен қуанып қойдым, әңгімеміз жарасар деп те ойлап үлгердім.

– Сіз де Астанаға бара жатырсыз ба? – дедім әңгіме тиегін ағытпақ болып.

– Да-а-а…, – деді басын қоса изеп.

– Қыдырып па, әлде жұмыстармен бе? – дедім әңгімені ары қарай өрбітпек болып.

– Нет, я учусь, но сейчас к родственникам ... ..., – деп сөзінің артын жұтып, кідіріп қалды купелесім. Қыдырып барамын деген сөздің аудармасын ұмытып қалды-ау деп ойладым ішімнен. Адамды танып үлгермес бұрын, жаман ойлағаның не деп өзімді жазғырып қойдым артынан. Бәлкім, қазақилықтан аулы алыс кеткен солтүстіктік болар? Бәлкім, ата-анасы бір ауыз қазақ тілін білмейтін орысша ортадан болар?

Кенет жас қыздың ұялы телефоны шырылдады да, әңгімеміз осы арадан үзілді. Қыздың әлдекіммен әңгімесі ұзаққа созылды. Қыз телефонмен тілі жеткенін орысша, тілі жетпегенін шала қазақша жеткізе бастады: «Психовать етпе. Все пройдет. Надо сохранить здоровье. Сен бірінші поздравить етпедің бе?..». қыз әңгімесі осылай мағынасыз сөздермен созылып жатты.

Бәлкім, бір ауыз қазақша білмейтін болар деп іштей ақтап отырған купелесім енді білгенін орысша, білмегенін қазақша айтып әуре. Осылай өзім іштей ой арбауында отырғанда, қыздың әңгімесі де бітті-ау: «Ладно, созвандаймыз. Жолда связь жақсы емес. Пока, целую», – деп телефон тұтқасын қойды.

Ішім удай ашып, алай-дүлей болды. «Ел ертеңі –жастар» деп кейінгі ұрпаққа үміт артып отырғандағы күніміз осылай болмақ па? Мен жастар атаулының бәріне күйе жағудан аулақпын. Алайда ана тілінде ауыз аша алмайтындар айналамызда қаптап кеткені жасырын емес қой. Иә, мейлі орысша біл, мейлі ағылшынша біл. Бірақ неге ана тілімізді айтуға арланамыз? Неге баба мұратына мұрнымызды шүйіреміз?

Осы тұста армянның данагөйі Хикардың: «Ұлым тіліңді жаман сөзден, көзіңді жамандық бағудан сақта. Ұлым, сөзіңді жүрегіңмен тербеп, содан соң айт, бұлай етсең баршаға сүйкімді боларсың. Ұлым, біреуден жаман сөз естісең, оны жүрегіңнің жеті қарыс түкпіріне тұт, оған жаман болар, саған жақсылық қайтар» деген даналық сөзі есіме түсті.

Бүгінде егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып, әлемге жар салып жатқан дүбірлі кезеңде қазақ ұлтының жанына сүйеу, рухына тіреу болатын басты құндылығы тіл емес пе? Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі ұлттық руханиятымыздың өзегі емес пе?

«Әрбір тіл өзінің халқы үшін ұлы» деп қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматов айтқандай, тіл – ұлттың тірегі. Ол – жан-дүниеңді ашып көрсететін мөлдір айнаң. Тіл жоғалса, ұлт та жоғалатыны белгілі. Барлық қазақстандықты біріктіретін – қазақ тілі, сондықтан егемен елімізді сақтап қалу үшін, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілге ерекше ықылас қажет екенін ұмытпайық, жас ұрпақ!

Ұлттығымның өзегі, руханияты

Таралса екен жаһанға Қазақ аты.

Қазақ сөзі алайда тілмен мықты

Тілді сақта, қазақтың АЗАМАТЫ!

Құндылығын ұлтымның сіңіргенде

Қарағын құдіретіне сәл үңіле

Тілдің мына жүректі ұстап тұрған,

Жүре бермей жау аяққа бүгілгенше.

Сен елсің, білесің бе, тіл арқасы

Тілсіз жоқ болды елдердің сан мықтысы.

Алыс емес басыңа көтермесең

Тіліңді, жоғалтудың мұң қақпасы.

Бағаласаң, тілің – мынау асылың,

Ұлттығыңды дәріптейтін ғасырың.

Рухы биік бабалардың сақтаған

Алтын тәжін, жау қолынан жасырғын!

Тегтер: ана тіл, қазақ тілі, шұбар тіл, таза сөйле

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

55

ақпарат

Екібаста бір тіл

214

ақпарат

Қазақ тілінде оқымаса, не үшін мектеп салдық?!

426

ақпарат

Ана тілі – арым дейтін жастар көп