Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​Қазақ ана тілін қашанғы өзегінен тебе береді?

13.6.2017 2648

Мемлекеттік тілдің қызметі мен қоғамдық аясын кеңейтуде айрықша рөл атқарып, оның дамуына әсер ететін құрылымның бірегейі – бұқаралық ақпарат құралдары. Күннен-күнге жаңа технологиялар дамып, тұтас әлем сандық жүйеге көшіп жатқан кезде, БАҚ-ның қоғамдық ортаға тигізер әсері орасан зор. Мәселен, қазіргі уақытта еліміздегі барлық мерзімді басылымдардың сайттық үлгісі жасалынып, медиа кеңістіктің талабына ыңғайланып келеді. Жалпы қарап отырсақ, ақпараттың қоғамға жетуі, тарауы – әп-сәтте жылдам жүзеге асып отыр. Біз, әлеуметтік желілерді тұрақты қолданып жүрген қолданушы ретінде һәм БАҚ-ның өкілі ретінде БАҚ-ындағы мемлекеттік тілдің жағдайы мен рөлі, ұлттың ұлы мұраты мен құндылығы жайында өз ойымызды білдіруді жөн деп санадық.

1. БАҚ-дағы мемлекеттік тілдің рөлі мен жағдайы

Сөздің шынын айтайықшы, жұрт бұрынғыдай көк жәшікке телміріп, жаңалық хабарын күтіп отырмайды. Әр жерде өтіп жатқан іс-шараларды сол уағында-ақ түрлі әлеуметтік желілердің тікелей эфирі арқылы танысуға, ақпарат алуға мүмкіндік туып отыр. Бұл – жылдам хабар алудың жеңіл жолы болғанымен, қоғамдық ортаға тигізіп отырған залалы шаш етектен. Оның басты залалы – тіл мәселесі. Шұбарала, дүбәра тіл болды өзі! Не қазақша емес, не орысша емес! Тікелей эфирді бақылап отырған жастар мен жасөспірімдерді аяймын...

Мемлекеттік тілдің дамуына орасан зор залал тигізіп отырған құрылғы – әлеуметтік желі. Әсіресе, блог жүргізушілер! Мен үшін «блогер» деген – ұлттың хас жауы! Біздің қазақтар «блогер» дегеннің не екенін жете түсінбейтін сияқты. Блог – адамның шағын ойы. Ал, блогер деген – мамандық емес, ол азаматтық қоғамдағы заман талабынан туындаған атау. Байқасаңыздар, осы жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде блогқұрылтай деген жиын өтіп тұрады. Оған еліміздің әр өңірінен «блогер» болып жүрген жастар барып қатысады. Бұл жиындарына қоғам қайраткерлері, «популист» жұлдыздар және әлеуметтік желіде тіркелушісі мен жазылушысы көп қолданушылар қатысып, пікір алмасады екен-мыс. Осындай дүбәралардың жынойнақтарына қаражат бөліп, қолдау білдірер ел тізгінін ұстап отырған басшыларды түсіне алмадым. Осы фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Мен – блогермін!» деп жүрген бірсыпыра «жұлдыз» құдайлардың парақшасына кіріп, жазғандарын оқып шықтым. Олардың ойынша: блогер деген – қоғамдағы әлеуметтік һәм түрлі өзекті мәселелерді көтеріп, соны тиімді жолменен шешуші екен. Жә, солай ақ болсын делік. Жазған жазбаларын оқып отырып, еріксіз ашуменен: «Қалқам-ау, егер сен қазақ тілді блогер болсаң, неге қазақтың ана тілінде сауатты жазбайсың?!» дегің ақ келеді. «Нестеп?», «Не ғой», «отқан сол», «баржатырм» және осы сықылды қаншама паразит сөздерді жазып, кейбір әріптерді қысқартып отырған адам – ұлттың жауы емей немене?! Өзге ұлт өкілі болса бір сәрі. Құдай-ау, қазақ баласының осындай сорақылыққа баруы – кешірілмес күнә, қылмыс деп есептеймін! Тілдің киесі, құдіреті деген ұғымды білмейтін, ұлт мұраты жайында түсінігі жоқ адамды «блогер» деп көкке көтеріп, төбемізге шығарып, әспеттегеннен не ұттық?

Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Шүкір, ел есін жиды: тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екенін кештеу де болса түсіндік» деген еді. Рас, Тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміздегі халықтың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері болды. Шаңырақ иесі – қазақтың жан саны аз болғандықтан, оның үстіне жетпіс жылдық кері кеткен солақай идеологияның салдарынан ұлттық құндылықтарымыздан көз жазып қалғандығымыз ескеріліп, Ата Заңымызға «мемлекеттік тіл және ресми тіл» түсінік берілді. Енді, міне, Елбасы Тәуелсіздіктің жиырма алтыншы жылына қадам басқанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп бағдарламалық мақала жазып, халық назарына ұсынды. Сонымен, биылғы жыл – қазақ баласы үшін, жалпы қазақстандықтар үшін рухани жаңғыру жыл болуы керек! Осы орайда, қазақстандағы қазақ тілді, орыс тілді БАҚ, оның қызметкерлері түгелімен «рухани жаңғыруы» керек!

Меніңше, Отандық БАҚ өкілдері – қазақтың қазақтығын танытып, оның құдіреті мен қасиетін дарытқан ана тіліміздің қорғаны, тіреуі болуы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлер, түрлі атқарушы органдардың ағзалары сұхбат бергенде немесе сөз сөйлегенде ресми тілді пайдаланса, оны сол қалпында эфирге жібермей, ана тілінде аударып, таратуы жөн. Қысқаша айтқанда, БАҚ – мемлекеттік тілдің жырын жырлап, мұңын мұңдап, басы ауырып, балтыры сыздап отыруы керек!

БАҚ мемлекеттік рөлі қандай? Біріншіден, радио немесе телеарнаның өзінде қызмет етіп жүрген журналистердің өзі мемлекеттік тілден мүдіріп, ақсап жатады. Сөз саптауы, сөйлем құрау және т.с.с. мәселелері жеткілікті. Хабарларды тыңдап отырып, сол бейбақтар үшін өзіңнен өзің қысылып, ұяласың кеп! Телеарна мен радио журналистерінің тілі, олардың кемшіліктері хақында профессор, тіл жанашыры Ш.Құрманбайұлы жиі мәселелер көтеріп жүр. Осындай өткір сыни мақалалардан тәлім алып, кемшілігін түзеткен журналистерді көрер күн туар ма екен?! Екіншіден, мерзімді басылымдардың да тіл мәселесіне салғырт қарайтыны анық. Байқауымызша, осы газет-журналдарда қазір корректор деген маман жоқ сықылды. Өріп жүрген қателер мен стилистикалық байланысы жоқ сөйлемдерді оқып отырып, миың атала болып қалады. Үшіншіден, сайттар мен порталдар. Бұлар – арзан рейтинг үшін «арын» сатуға дайын тұрғандардың нақ өзі. Біздің елдегі бірде-бір іліп алар, тәуір сайт жоқ. Әдебиетіне арналғаны жарнама, арзан шығармаларды жарияласа, тарихы жаңа күннің жаңалығын дәріптейді дегендей. Біздің порталдарға ұлттық мүддеден гөрі Баян Есентаева, Қыдыралы Болман, Қайрат Нұртастардың тағдыры қызық. Қазақтың үні бола алмаған, арзан жолменен дамығысы келетін сайттардағы мемлекеттік тілдің рөлі мен көрінісін айтудың реті де келмейді.

Сайып келгенде айтарымыз, қазақтың баспасөзі, ұлттық арнасы, радиосы – қазақ мүддесінің қызметіне жегілуі керек. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» болуы керек емес пе еді.

2. Мемлекеттік тіл мәселесі

Тағы да қайталап айтамын менің мемлекеттік тілім төсекке танылған науқастың күйін шегіп келеді. Дертінен арылар түрі жоқ! Қоларбаға танылған мүгедек адам секілді менің ана тілім жетекпен ғана жүргені жасырын емес. Менің ана тілім – жарым жан! Біздің қоғам керең болып тұрғанда, менің ана тілім өрістемес, көктемес!

Менің тілім ар мен мансап арпалысының табанында тапталып барады. Қашан болса да үлкендердің кішілерге өктемдік көрсетері табиғаттың заңдылығы емес пе? Жо-жоқ, енді олай болмауы керек... Менің ана тілім – менің мемлекеттік тілім емес пе еді... Ендеше, ағылшын мен орыс тілін дамытқанша, өз тілімізді дамыталық. Ол екі тіл – әлемдік тілге айналғалы қашан? Әрине, әр қазақ баласы шет тілдерін білсін, үйренсін. Мәселен, мен жас әдебиетшімін. Өзімнің тәжірибемнен анық бір мысал келтірейін: «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмамдап, «орыс әдебиеті» мамандығы бойынша магистратуралық білім алдым. Салыстырмалы әдебиеттану ғылымымен айналысып жүрген соң, қосымша түрік тілі мен ағылшын тілін меңгеріп, дүниетанымым мен көзқарасымды жаңаша қалыптастыру үстіндемін. Қазіргі уақытта менің әдеби-эстетикалық, теориялық ойларым шет елдік басылымдарға жиі жарияланып жүр. Алдағы уақытта базалық білімімді тағы да шыңдасам, көркем әдеби шығармаларды «қазақша» сөйлетуіме мүмкіндігім жетеді деп ойлаймын. Көп тілді меңгеру деген идея – қазақ баласының интеллектуал болып, жан-жақты дамуына, бәсекеге қабілеті зор, әлеуеті мен күш-жігерінің айқындалуына себепкер болады.

Ал, мемлекеттік тіл – ҚАЗАҚ тілінің жағдайы енді қайтіп күнтәртібіндегі мәселеге айналмауы тиіс. Бұл – заман талабынан туындаған жол. Қазіргі жаңа технологиялардың күннен-күнге жаңарып, бірінен бірі озып тұрған шақта, «кішкентай» ұлттардың ерекшелігі мен болмысы ассимиляцияға ұшырап, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан ұлттың тарихи тамырын берік қылуымыз үшін, жаһандық үрдіске қарсы төтеп беруіміз үшін біз әр қазақтың, әрбір қазақстандықтың ұлттық санасын жаңғыртуымыз керек! Ұлттық сана – ұлттық бірегейлікпен қалыптасады. Ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың бірінші міндеті – кириллицадан латын қарпіне көшуіміз. Латын қарпі – мұқым түркі халықтарының басын қосып, туыстығымыз бен бауырластығымызды одан әрі жақындастыра түседі. Латын қарпіне көшсек, бүгінгідей ана тіліміздің мәселесі қайта көтерілмейді. Себебі: біз «орыс мәдениетінен» іргемізді аулақ ұстайтын едік.

Біздің елімізде мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне іс жүзінде ие болмауының басты себебі: қазақ тілін игеруге қажеттілік туындап отырған жоқ. Қажеттілік болмаған соң, ешкімнің жаны ауырмайды. Қазақ тілі – қазақ ұлтының болашағы үшін керек екенін жете түсінбейінше, тілдің мәртебесін көтеру мүмкін емес!

Ешбір ел, ешбір ұлт рухани құндылықсыз өмір сүре алмайды. Ұлт руханиятының бастауы – тіл! Ұлттық сана-сезім – адамның рухани өмірінің басты белгілерінің бірі. Задында, Отансүйер азаматтардың ұлтжанды, елжанды болып, үлкен әріппен жазылатын «Отан» сөзіне құлша қызмет етіп, ұлттық санамен тәрбиеленуі керек ау. Кез келген ұлттың негізгі тірегі, құндылығы – ана тілі, төл тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпы, ауыз әдебиеті мен әдеби мұрасы екені анық. Қазақтың қазақтығын танытып, оның дербес ұлт екенін көрсететін де осы – құндылықтары.

«Тіл» мәселесін көтере беру де ұят. Тіл күресінің нәтижесі жоқ. Жоғарыдан «!» бір-ақ пәрменді «зілді» бұйрық шықса, қазақ қоғамы тегістей «қазақша» сайрар еді... Ендігі кезек – бұйрықты күту!

Көк аспан тектес көк байрағым еңкеймесе, еңселі Елтаңбам төрінен түспесе, асқақ гимнімнің үні өшпесе, тілімнің жолы жіңішкермесе, Ата заңым айбарлы болса – мен де азатпын, мен де биікпін!

Меніңше, рухани жаңғыру деген – әр қазақ баласы өзінің ата-тегін ұлттық негізге сай рәсімдеуі. Сөздің шыны керек, біздің көптеген бауырларымыздың тегінде «ов», «ев», «ин» қосымшасы жазылған. Мысалы, Саркесян деген адамды армян, Кикабидзені грузин, Югайды кәріс, Тоқайды татар, Костенконы украйн, Кемальдың түрік екенін тегіне қарап ақ, оп-оңай ажыратамыз. Яғни, бұлардың аты-жөні, ата-тегі өздерінің ұлттық негіздеріне сай жазылған. Міне, ұлттың ұлт екенін айрықшалайтын осындай ғана қарапайым құндылықтар!

БАҚ-дағы мемлекеттік тіл мәселесі – қоғам алдындағы қалам ұстаған барлық шығармашылық адамының атқарар парызы. Ендігісі – әркімнің ары мен ұятына байланысты. Расымен, бір сәт ойланайықшы: қашанғы өзіміздің Ана тілімізді өзегінен тебе береміз осы?!

Тегтер: қазақ тілі, ана тіл, БАҚ, мемлекеттік тіл

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

1718

ақпарат

Атауларға абай болайық

1707

ақпарат

Екібаста бір тіл

1719

ақпарат

Қазақ тілінде оқымаса, не үшін мектеп салдық?!